Петропавлда электр жарығы жиі сөнеді
Петропавл қаласының тұрғынғындары осылай деп дабыл қағуда. «Ақшасын уақытылы төлесек те, электр қуаты аптасына 2-3 мәрте сөнеді», – дейді жергілікті халық.
Наталья Кудинова 400 мың теңгеден астам қаржысын жұмсап, былтыр ұзақ жанатын пеш орнатқан. Бір жылдан астам уақыт өтті азаматша оның қызығын әлі көре алмай отыр. Себебі жарық жиі сөнеді. Ал үйді жылытатын құрылғы электр қуатына қосылған.
Наталья Кудинова, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Температура төмен болса, пеш өздігімен сөнеді. Ал қатты жанып жатқан кезде электр қуаты өшсе, қазандық жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан от жағып, үйден шығып кетуге қорқамыз.
Иә, былтыр Натальяның теледидары күйіп, 45 мың теңгеге шығынға батқан. Жарықтың жырынан шаршаған жұртшылық монополистерге талай мәрте шағымданыпты. Сонда да сең қозғалар емес. Қыстың көзі қырауда жылусыз қалмас үшін, қазір көбі автономды құрылғы қоя бастаған.
Надежда Костюк, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Көршілерім секілді генератор сатып алсам ба деп ойлап жүрмін. Өйткені мына мәселеден әбден шаршадық. Кейде аптасына 2-3 рет сөнеді. Күнұзаққа жарықсыз отырған кездеріміз де болды.
Жауапты компания бұл мәселеден хабардар. Мамандар жарықтың сөніп қала беруін электр қуатына деген жүктеменің екі есеге артқандығымен әрі инженерлік комуникациялардың тозғандығымен байланыстырып отыр.
Виталий Фесько, Электр энергиясымен жабдықтау компаниясы бас директорының орынбасары:
– 23 желтоқсан күні түнгі 00.00-ден таңғы 05.00-ге дейін аталған ауданда жарық сөндіріледі. Тұрғындарға ыңғайсыздық тудырмау үшін осы уақыт аралығында біз жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Алдағы уақытта, мереке күндері мұндай мәселе енді туындамайтын болады.
Айта кету қажет, аталған аудан бүгінде бір ғана қосалқы станциядан қуат көзін алып отыр.
Самат Қайырденұлы, тілші:
– Жұмыс кенті ауданында алты жарым мыңнан астам абонент бар. Мұндағы электр сымдармен жүйелері әбден ескірген. Монополист компания жылда қаржы бөліп оларды жаңартады. Дегенмен мәселе толықтай қашан кешілетіні белгісіз. Бұл ретте жергілікті әкімдікте аталған сұрақты шешіп беруге қауқарсыз. Себебі құрылғылар мен қондырғылар – жекенің иелігінде.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев