Ақтауда коммуналдық төлемдер өсуі мүмкін
Облыс әкімдігіне қарайтын мекеме басшылығы ауызсу мен жылудан бөлек, техникалық су құнын 61,4 теңгеден 312,14 тиынға, ыстық судың бағасын 93,89 теңгеден 168,82 теңгеге көтеруге ниетті. Бұған көпшіліктің айтар уәжі бар.
Раушан Деменова, қала тұрғыны:
– Жалпы өз басым қарсымын. Қазір ауызсуды 83 теңгеден төлейміз, келер жылдан бастап оны 119 теңгеге көтереміз дейді. Жылуға 646 теңгеден болатын. Ол 900 теңгеге дейін қымбаттайтын болса, халық оны ертең қалай төлейді? Білмеймін, бұл дұрыс емес қой.
Нұрғаным Имашева, қала тұрғыны:
– Басқа қалаларда басқаша ма әлде жағдай. Әйтеуір біздің Ақтауда барлық зат қымбат. Ай сайын тамақ алу үшін айлықтың жартысы кетеді. Ендігі жылдан бастап коммуналдық төлемдер көтерілсе, не болады?! Коммуналдық кәсіпорында 600-дей адам жұмыс істейді. Автопаркінде 80-нен астам әртүрлі көлік бар. Дені – ескірген. Қосалқы бөлшегін ауыстырып, жыл асқан сайын қымбаттап жатқан жанармай құю мекемені қомақты шығынға батырады. Осындай себептер тарифтерді көтеру үшін ұсыныс беруге түрткі болған.
Бақыт Шапқан, Коммуналдық кәсіпорынның директоры:
– 2015 жылы жұмыс бастаған кезімізде жаңа тарифпен 712 теңге болды. 2018 жылы Қауіпсіздік кеңесінің бұйрығымен 696-ға дейін түсірткізді. Содан кейін бізде инвест-бағдарламаларын орындамады деп 646-ға дейін түсірген. Бұл енді менің айтып тұрғаным, тек жылу жағынан. Тап сондай бізде ауызсудан да болды.
Өтінім мақұлданса, мекеме өз шығындарын толығымен жауып, инвест-бағдарламаларын жүзеге асырмақ. Ендігі бес жылда жалпы ұзындығы 24,8 шақырымды құрайтын инженерлік желілерді жаңартуды көздеп отыр. Сондай-ақ қала аумағында 2 мыңдай су өлшегіш құралдарды орнату жоспарланған.
Жандос Сәлімов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитеті аймақтық департаментінің басшысы:
– Өтінім келіп түсті бізге. Бұл деген болжамды тарифтер деп айтуға болады. Әрі қарай біздер оны қарайтын боламыз. Өзіңізге белгілі, биыл өткен Қауіпсіздік кеңесінің Елбасы басқарып отырған, берілген тапсырмалары бар. Тарифтерді көтермеуге тапсырма берген болатын.
Өкілетті орган өтінім хатты 90 күнде қарап, жауап беруге тиіс. Ақтаулықтар коммуналдық тарифтерге қатысты өзгерісті келер көктемде байқай алады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дослаиев, Саламат Бекбаев