Төтенше жағдай қызметін жақсартуға миллиард теңге бөлінген
Қазір өңірде үш мыңнан астам құтқарушы мен 1300 техника тас-түйін әзір тұр. Тек осы жылдың өзінде ғана саланың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін бір млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті. Қызметкерлердің де әлеуметтік жағдайы жақсарған.
Қанат Ешмағанбетов әке жолын қуып, жеті жыл бұрын өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасқан. Ол үшін еш өкінбейді, қазір қарауыл басшысы. Тек биылғы жылдың өзінде әріптестерімен бірге 1300 рет өрт сөндіруге шығыпты. «Өз бастарын қауіпке тігетін кездер де аз емес», – дейді ол.
Қанат Ешмағанбетов, №10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы:
- Бес қабатты үйде жарылыс болған. Сол кезде тоғыз адам қаза тапты. Шынымен де психологиялық тұрғыдан қиын болды. Жалақы жыл сайын көтеріліп келе жатыр. Биыл 65% көтерді.
Қанат секілді жас мамандарды жұмысқа көптеп тарту үшін жыл сайын әлеуметтік көмек күшейіп келеді. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да баса мән берілуде. Тек соңғы бес жылда 116 жаңа техника алынған.
Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысы:
- Республикалық және жергілікті бюджеттен жыл сайын жабдықталып отырамыз. Мысалы осы жылы біздің техникамыздың паркі 35 техникаға күшейтілді деп айтуға болады. Оның ішінде 20 техниканы жергілікті атқарушы органның бюджеті арқылы алдық.
Қазір үш мыңнан астам құтқарушы қысқа дайын. 1300 техника сайланып тұр, оның 87-сі – жол талғамайтын көлік. Облыс аумағындағы қар жиі алатын 676 жол учаскесі тәулік бойғы бақылауға алынған.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев