Жамбыл облысындағы ауылда көпқабатты үйлер салына бастады
Мысалы, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында алғаш рет кезектегі азаматтарға тұрғын үйлер салына бастады. Құлан ауылында соңғы жылдары баспанаға сұраныс артқан. Жұрт бұған дейін үй кезегіне жазылып тіркелгенмен, коммуналдық қорда пәтер жоқ. Енді бұл мәселе мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шешілмек.
Алтынкүл Демесінова – бес баланың анасы. Ол 15 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келеді. Құлан ауылының тұрғыны баспана кезегіне алғаш болып тіркелгендердің қатарында. Көпбалалы ана үй салынып жатқанын естіп, ерекше қуанып үміттеніп жүр. Құрылыс басына қайта-қайта барып, жұмыс барысын көріп кетеді.
Алтынкүл Демесінова, Құлан ауылының тұрғыны:
- Ауданымызда үй салынып жатқанына өте қуаныштымын. Енді арасында келіп, үйдің сапасын біліп кетіп отыратын болдық. Осы үйді армандап, күткенімізге біраз жыл болды.
Тұрар Рысқұлов ауданында 2006 жылдан бері пәтер кезегі мүлдем жылжымаған. Оған себеп коммуналдық тұрғын үй қорында үй жоқ. Ал баспанаға сұраныс жыл санап артып барады. Қазір кезекте тұрған адам саны мыңнан асып кетті. Бұл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір міне көріп тұрғандарыңыздай құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылысшылар үйдің іргетасын құйып қазір жертөлесінің қабырғасын қалап жатыр. Бұйыртса, 2021 жылы жаз айларында бұл жерде 80 пәтерлі көпқабатты үй тұрғызылып, кезекте тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі.
Бес қабатты үй «Арай» тұрғын үй алабында салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылған.
Дәурен Елдесбаев, құрылысшы:
- 35 адамдай жұмыс істеп жатыр. Әрі қарай жұмыстың қарқынына байланысты адамды көбейтеміз. 200 адамға дейін болады. Қазіргі уақытта бетон жұмыстарының 10% бітіп қалды.
Жоба «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 2021 жылы мұнда тағы бір үй салынып, 160 отбасын баспанамен қамту жоспарда.
Ерболат Садырқұлов, Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі:
- Халықтың 50% жуығы тұрғын үй мәселесін көтереді. Бүгінгі таңда ауданда осы күнге дейін бірде-бір тұрғын үй құрылысы жүрмеген. Тұрғын үй қатынастары туралы заңның аясында халыққа үй кезекпен беріледі.
Бұдан бөлек ауданда «Асарлатып үй салу» жобасы жақсы нәтиже беріп отыр. 2020 жылы 15 ауылдық округте баспанаға аса мұқтаж отбасыларға 18 үй салынған. Бұл дәстүр әрі қарай да жалғасын таппақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев