СҚО тұрғыны мал санын көбейтіп, қасапхана ашуды армандап жүр
Енді ол малдың санын көбейтіп, қасапханалар ашуды армандап жүр.
Ұлзира Елтаеваның мамандығы – мұғалім. Мектепте информатика пәнінен сабақ берген. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста. Дегенмен жас ана үйде бос отырмауды жөн санапты. Қазір жолдасы екеуі ауылда қой шаруашылығын жандандыруға ден қойды.
Ұлзира Елтаева, Новоишим ауылының тұрғыны:
- «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір», – деп қазақ атамыз айтып кеткен ғой. Енді сол мақалға сүйеніп, өзіміз кішіден бастап көрейік дедік. Себебі қарадан бастасақ, оны игере алмай жатсақ, ертеңгі күніміз не болады? Шығынға кіріп кетеміз ғой деген ой болды.
Ұлзира «Бизнес бастау» курсынан өтіп, кәсіпкерлік негіздерін меңгеріпті. Жобасын сәтті қорғап, бес жүз мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 4 млн теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Оған жүз бас етті бағыттағы қой сатып алды. Олардың алды қоздап үлгерді.
Ұлзира Елтаева, Новоишим ауылының тұрғыны:
- Енді алдағы уақытта жоспарымыз бар, бізге күтуші ұстау керек. Ал қазіргі таңда бізде кіріс жоқ. Кіріс жоқ болғаннан кейін жолдасым өзі қарап жатыр. Табынға қоспаймыз. Бізде мына жерде арнайы жайылым бар. Сондықтан өзіміз бағамыз.
Ғабит Мүсірепов ауданында мемлекет қолдауының арқасында ісін бастағандар аз емес. Мәселен, тек 2020 жылы кәсіп ашқандардың 30% 29 жасқа дейінгі жастар құрады.
Нұрлан Темірғалиев, Ғ. Мүсірепов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
- 2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 75 азаматқа жалпы сомасы 302 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. 67 адам өз ісін жаңадан бастады. Ал қалғандары қаржыны шаруасын кеңейту үшін алды.
Осылайша ауданда 70-тен аса жаңа жұмыс орны ашылды. Ал бұл жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен қызмет көрсету саласында жүзеге асты.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев