Каспий жағалауында демалушылардың саны артты
Есіңізде болса, биыл Ақтауда Орталық Азиядағы курорт типтес ең ірі қонақүй ашылған болатын. Алдағы жылдары Каспий жағалауында тағы бес қонақүй кешені бой көтереді екен. Нақтырақ айтсақ, қазір үшеуінің құрылысы басталды. Жағалауда жаңа қонақүйлер, гольф-клуб, аквапарктер мен ойын-сауық саябағын салу жоспарланған. Өңірде тағы қандай жобалар жүзеге асырылмақ?
Жылда Қара теңізде демалатын ақтаулық Ахмедиановтар отбасы биыл жазда қарт Каспийдің суына түсіп, құмына қыздырынды. Жаңа курорттық кешеннің қызығын әлі айтып тауыса алмай жүр. «Аквапарктері мен су сырғанақтары шетелдің демалыс орындарынан артық болмаса, еш кем емес», – дейді олар.
Айна Ахмедианова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Ақтауда да жағажай туризмі дамып, жоғары деңгейде қызмет көрсететін курорттардың ашылғаны қуантады. «Карантиннен шетелге шыға алмадық» деп көңіліміз түскен еді. Жаңа демалыс кешені соның бәрін ұмыттырды. Бізге қатты ұнады.
Биыл Маңғыстау облысы еліміздегі жағажай туризмінің орталығына айналды. Пандемияға байланысты шекаралардың жабылуы қазақстандықтардың киелі өлкемен жақынырақ танысуына жол ашты. Каспийдің мөлдір суы мен жұмсақ құмына қызығушылардың саны екі есе артқан. Бір жылда 177 мыңнан аса саяхаттаушы келсе, олардың басым бөлігі жазда ашылған ірі қонақүй кешенінде демалған.
Мөлдір Әділ, Ақтау қаласының тұрғыны:
- «Ақтау – туристік қала» деп айтуға болады. Себебі мұнда түрлі туристік нысан бой көтеріп жатыр. Ерекшесі – Каспий жағалауындағы «Жартасты соқпақ жобасы». Қала қонақтары мен тұрғындарының серуендеуге арналған орындарының бірі болып саналады.
Жарты жылда өңірдегі туризмді дамытуға 68,7 млрд теңге инвестиция құйылған екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Жағажайларда жаңа жобалардың жүзеге асуы шағын бизнестің өркендеуіне де жол ашты.
Гүлсім Жариева, облыстық Инвестиция және туризмді дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- 2021 жылы біз туризм индустриясының халықаралық форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы саладағы білікті сарапшыларды, қонақүй бизнесінің өкілдерін, қолөнер шеберлерін шақырмақпыз. Жол бойындағы қызмет көрсетушілер мен гидтерге қысқамерзімді курстар ұйымдастырамыз.
Маңғыстау еліміздегі туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді. Ақтау қаласында жағажай туризмін, ал аудандарда эко-этнотуризмді дамытуға мүмкіндік мол. Келген қонақтарға Маңғыстаудың кереметтерін көрсету үшін бірнеше орталық салынады.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев