Оралда жұмыс бар, жұмысшы жетіспейді
Бұған қазіргі пандемия жағдайы да себеп. Дәл қазір онда 3747 адам жұмыссыз ретінде есепте тұр. 2 мыңдай тұрғынға жұмысынан айырылған жағдайда берілетін төлемақы төленіп жатыр. Ал мамандардың осы жұмыссыздар санының өсуіне деген пайымы – вахталық әдіспен өзге өңірлерде еңбек етіп жүргендердің көбінің үйлеріне оралуы. Дегенмен жұмыс қолы жетпей жатқан салалар да аз емес.
Бұл – жуырда ғана іске қосылған қоқысты қайта өңдеу кәсіпорны. Күн сайын мұнда қаладан 180 тоннаға тарта қатты тұрмыстық қалдықтар әкелінеді. Яғни шикізат жеткілікті. Алайда әзірге соның тек 50 процентін ғана сұрыптауға мүмкіндік бар. Қалған бөлігін қайта өңдеу әзірге қолдан келмей тұр.
Батырбек Ихсанов, Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенінің директоры:
– Себебі жұмысшы жетіспейді. Бізге әлі 70 адам керек. Келген қоқыстарды сұрыптап үлгермейміз. Әрине, жұмыс оңай емес, мына жерде салқын әрі тұрмыс қалдықтарының жағымсыз иісі бар дегендей. Олар үшін барлық жағдайды жасадық. Бірақ адамдар бәрібір жұмыс істегісі келмейді.
Егер жұмыс қолы жетіп, кешен толық қуатында жұмыс істесе, тұрмыстық қалдықты кәдеге жарату мәселесі толық шешілер еді. Қазірдің өзінде мұнда полиэтилен пакеттерін өңдеп, түрлі құрылыс заттарын өндіру қолға алыныпты. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 100 мың теңге. Тамақ тегін, жұмысқа қызметтік автобуспен жеткізіледі. «Бірақ бәрібір мұнда жұмысшы тұрақтамайды», – дейді басшылары.
Дегенмен Жұмыспен қамту орталығында екі қолға бір күрек тапқысы келетіндер қарасы көбейген. Солардың бірі Қайрат Әубәкіров бұған дейін Атырауда вахталық әдіспен еңбек етіпті. Қысқаруына байланысты қазір уақытша жұмыссыздар қатарында. «Оралда түрлі жұмыстарды ұсынды. Бірақ жалақысы аз. Көп жерде жұмыс беруші тарапынан еш жағдай қарастырылмаған. Сондықтан көңілден шыға бермейді», – дейді ол.
Қайрат Әубәкіров, қала тұрғыны:
– Жағдайы болу керек қой қандай жұмыс болғанда да, үйге келгенде де. Жалақысы да жақсы болу керек. Несие төлеуіміз керек. Пәтер жалдап тұрамыз.
Қазір қалада 4 мыңға тарта адам жұмыссыздар санатында. Жастар практикасын ұйымдастыруға мекеме-ұйымдардан 300-ден аса, ал қоғамдық жұмыстарға 450-дей өтінім түскен. Орталыққа жолығып, бірақ жолдаған жұмысқа барудан бас тартатындар да бар екен.
Айнұр Қазмұханова, Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:
– Егер де Жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған азаматқа біз жасаған соңғы жұмыс орнына қарай, мамандығына қарай жұмыс ұсынған болсақ, сол азамат лайықты жұмыс орнынан өз еркімен бас тартса, 3 жұмыстан бас тартса, біздер ол кісіні есептен шығарамыз. Заңға сәйкес, ұсынылған 3 лайықты жұмыстан бас тартуына байланысты. Өйткені бізге хабарласқан азаматтардың жұмыс жасауға дайын ниеті болу керек.
Былтыр 6300-дей адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылыпты. 3 мыңға жуық адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолданыпты. 321 тұрғын қайтарымсыз гранттарға қол жеткізсе, 53 адам бағдарлама аясында несие алды. Жалпы 2 мыңға тарта тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов