Қарағанды облысы: сайлаушылар белсенділігі жоғары
Сонымен осы сағатқа дейін қанша адам дауыс беріп үлгерді.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Дәл қазір біз кеншілердің мәдениет үйінде орналасқан қаладағы ең ірі сайлау учаскелерінің бірінде тұрмыз. Мұнда таңғы сағат 07:00-ден бастап кісі қарасы үзілген жоқ. Жұрт әлі де келіп дауыс беріп жатыр, сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Мәселен, облыс бойынша тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 900 мыңнан асса, осы сағатқа соның 300 мыңнан астамы дауыс беріп үлгерген. Саяси науқанның әділ әрі заң шеңберінде өтуін түрлі халықаралық ұйымдардан келген байқаушылар мен саяси партиялардың үш мыңға жуық сенімді өкілі мұқият қадағалап отыр. Соның бірі – байқаушы Қазбек Майгельдинов.
Қазбек Майгельдинов, байқаушы:
- «Республикалық таза сайлау бақылаушылары» азаматтық қозғалысы өзінің алғашқы есебін берген болатын. Қазіргі таңда Қарағанды облысындағы төрт қалада тәуелсіз бақылаушылар әрбір учаскеде бақылау жүргізіп жатыр.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Айта кету керек, кенді өңір жасыл аймақта болғанымен барлық 778 сайлау учаскесінде санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Комиссия мүшелері әр үш сағат сайын бетперделерін ауыстырып отыруға міндетті. Кіре берісте сайлаушылардың дене қызуы өлшенеді. Сосын бір реттік қалам беріледі. Ал дауыс беру кабиналарының іші жиі желдетіліп, залалсыздандырылуда.