Қолайсыз күн райы қашанға дейін созылады?
Қала көшелерінде көлік қозғалысы қиындап, облыс пен ауданаралық жолдар жабылды. Қолайсыз күн райы қашанға дейін созылады? Жалпы қаңтар айы қандай болмақ?
Қарағанды облысында ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран тұрып, барлық бағыттағы жолдар жабылды. Тәуекелге бел байлап, сапарға шыққандар орта жолдан кейін қайтарылып жатыр. Синоптиктер қолайсыз ауа райы мұнда ертең де сақталатынын айтады.
БЛИЦ:
– Астанаға жете алмай тұрмыз, жұмысқа бара алмай тұрмыз. Оралға кету керек еді. Билетіміз Астана арқылы.
– Боран болатынын білген жоқпыз. 10-нан кейін басталды ғой өзі. Білмеймін енді не істерімді. Жол жабық деп жатыр. Таксилер жүрмейді-ау деймін.
– Боран. Шығармай тұр, не істейміз енді? Трасса жабық, шыға алмадық. Қайтып келдік. Астанаға бара алмадық.
Солтүстік Қазақстан облысында да барлық тасжолдар жабылды. Мұнда да қарлы боран. Кей аудандарда тіпті көктайғақ. Ал желдің екпіні секундына 28 метрге дейін көтерілген. Осыған байланысты дауылды ескерту жарияланып, полиция мен Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Әзірге жолда қалғандар жоқ. Болжам бойынша түнде -32 градустық аяз да болады.
Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы:
– Қазіргі уақытта облыстық автожолдарында 100-ден астам техникалық құралдар қызмет көрсетуде. Және полицияның қызметкерлері күшейтілген тәртіпте қызмет көрсетіп жатыр. Және облыс тұрғындарына айтарымыз, алыс жолдарға шықпауыларын сұраймыз.
Қостанай облысында да осындай жағдай. Бірақ мұнда әзірге республикалық маңыздағы екі жол учаскесі ғана жабылды. Олар – Сарыкөл және Ұзынкөл ауылдарынан Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі аумақтар. Ал аймақта қар құрсауында қалғандар үшін жол бойында 23 жылыту бекеті жасақталды. Тәулік бойы жұмыс істейтін оларда жолаушыларға уақытша төсек-орын мен тамақ қарастырылған.
Ризабек Қабылбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
– Төтенше жағдай бола қалғанда 112 телефонына қоңырау шалуларыңызға болады. Шалынғасын сізге жедел түрде ТЖ күштері, полиция қызметі, жергілікті атқару қызметінің күштері және жол мекемелерінің күштері шұғыл жіберіледі.
Ал Көкшетауда коммуналдық қызмет жолдарды ақ тұлпадан тазартып үлгермей жатыр. Себебі соңғы екі тәулікте мұнда қардың бір айлық мөлшері жауған. Салдарынан көшеде көлік қозғалысы қиындады. Шаһар сыртында да бораннан түк көрінбейді. Сол себепті өңірде барлық бағыттағы жолдар жабылды. Қолайсыз күн райына қарамай жолға шыққандардың алды тасжолда соқтығысып жатыр.
Ал синоптиктер: «Боран бүгін басылғанымен, оның соңы аязға ұласады», – дейді.
Даниел Жұмажанов, «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалының бөлім жетекшісі:
– Алдағы үш тәулікте Салехат аймағынан келген антициклонның енуіне байланысты Ақмола облысында ауа температурасының төмендеуін байқаймыз. Ол түнгі уақыттарда 27-32, кей жерлерде 35 градусқа дейін аязға дейін төмендесе, күндіз 20-25, кей жерлерде 30 градус аязға дейін төмендейді.
Өңірде күн апта соңына қарай қайта жылынады. «Алайда аймақта жел күшейеді», – дейді синоптиктер.
Дамир Берікұлы, тілші:
– Жалпы «Қазгидромет» мамандары: «Қаңтар айы еліміздің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында әдеттегіден аздап суықтау болады. Ал ақпанда күн қалыпты деңгейден сәл жылылау болғанымен, Павлодар облысы және орталық пен шығыста қар нормадан сәл көбірек жауады», – деп болжап отыр.
Авторлары: Аймақтағы тілшілердің көмегімен Дамир Берікұлы, Азат Аитов