Алматы облысында жол-көлік оқиғалары жиілеген
Облыс орталығы Талдықорғанда да қар толассыз жауды. Қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағылар көшені тазарту жұмыстарына 112 техника мен 100 шақты адам жұмылдырылған. Жолды дер кезінде қардан аршуға тұрғындардың темір тұлпарларын жол бойына бей-берекет қоюы кедергі келтірген.
Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарына «Талдықорған – Қапал», «Үшарал – Достық» бағытымен жолға шықпау керектігін ескертеді.
Жалпы Алматы облысында да жол-көлік оқиғалары жиілеген. Жыл басынан 21 жол апаты болып, салдарынан 13 адам қаза тапты. 26 тұрғын түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.
Еркебұлан Ахметов, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
– Қазіргі уақытта ауа райының күрт өзгеріп, қардың жаууына байланысты жүргізушілерге автокөліктерінің жылдамдықтарын шамадан тыс асырмай, жол қозғалысы ережесін сақтауын өтініп сұраймыз.
Нұрбақыт Алтынбеков, қалалық ТКШ бөлім басшысы:
– Түнде тазалауға шықтық. «Талдықорған-көркейту» техникасынан 45 техника шықты тазалауға. 250 тонна инертті материал төгілді. Қазіргі күнде қар қаладан тазалануда, кешке жақын шығару жұмыстары басталады. Қазір мына машиналар көшеге тұрып алуына байланысты қар тазалау жұмыстары кешке қарай жалғасатын болады.