Көгілдір отынды Түркістан облысы тұрғындарының қалтасы көтермейді
Түркістан облысындағы Фирдауси ауылының тұрғындары көгілдір отынды үйге кіргізуден бас тартуда. Өйткені олар 300 мың теңгені қалталары көтермейтінін айтады. Сондықтан 2,5 мың тұрғыны, төрт жүзге жуық түтіні бар елді мекеннің жартысынан көбі әлі күнге дейін көмір жағып, күл шығарып отыр.
Өткен жыл Мақтаарал ауданының халқы үшін сынақ болды. Көктемде мыңға жуық үй су астында қалды. Апаттан ең көп зақым келген Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары түгелдей көшірілді. Мырзакент ауылы маңынан 50 гектар жер бөлініп, жаңадан 380 үй салынды. Ал қалған баспанасы бүлінген бес ауылдың тұрғындарына өздері үй салып алу үшін мемлекет 17 млн теңгеден ақша берді. Олардың арасында Фирдауси ауылы да бар. Тұрғындар қажет қаржыға жаңадан баспана салып алғанымен, газға қосылуға асығар емес. Себебі бағасы қымбат.
Сайдакбар Мирзаев, ауыл тұрғыны:
- Келісімшарт бағасы бойынша 300 мың теңге. Артық құбыр тарттым, басқа жұмыстарын істедім, 75-80 мың теңге артық алып жатыр. Бағасы қымбат. Қазір менің екі үйім бар. Оған 380 мың теңгеден 760 мың теңге керек. 150 мың теңгеден болса ғана келісеміз. Бір жылға бөліп төлеуге рұқсат берсе кіргіземіз.
Ал бес баланың анасы Мукарамахан Мирамонова көгілдір отынға қол жеткізе алмағандықтан, әлі күнге от жағып, күл шығарып отырғанын айтады. Жолдасы өткен жылы өмірден озған. Жалғызбасты ана: «Балаларым үшін ақшасына болса да кіргізуге дайынмын», – деп отыр.
Мукарамахан Мирамонова, ауыл тұрғыны:
- Мен он күн бұрын газ қосуға өтініш бердім. Әлі күнге дейін өтінішім орындалмады. Үй суық, балаларым жаурап отыр. Хабарлассам, жауаптылар әне-міне деп, созбалаңға салуда. Мен жалғызбасты анамын, ең болмаса, маған қосып беруіне болады ғой. Қыстың көзі қырауда от жағып отырмыз.
Аудандық әкімдік қызметкерлері ауыл тұрғындарының уәжімен мүлде келіспейді. Олардың айтуынша, бастапқыда Фирдауси ауылының тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен газға қосылу біршама уақытты алатындықтан, бағасының қымбаттығына қарамай, жекеменшік компаниямен өздері келісімге отырған.
Ғабит Полатов, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- 2014 жылы Мырзакент кенті аймақтың инвест жобасы бойынша әр үйге 250 мың теңгеден газ жүргізетін болған. Сол кезде бұл кісілер «біз Мырзакентке жақын орналасқан елді мекенбіз. Бізде сол Мырзакент сияқты ақша төлеуге дайынбыз» деген. Өздері ұсыныс берген, хаттама толтырған.
Ғабит Полатовтың айтуынша, жақын арада жекеменшік фирма өздерінің келісімі бойынша жалғызбасты ана Мукарамахан Мирамонованың үйіне газ құбырын тартып береді. Қазір құжаттары дайындалуда. Бүгінгі күні Фирдауси ауылында 60 шақты түтін көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Тағы жүзден аса отбасы өтініш берген. Ал қалған тұрғындар келісілген қаржыны төлемейінше сұйық отынға қосыла алмайды. Жалпы Мақтаарал ауданы тұрғындарының 60% табиғи газбен қамтылған. Келер жылы жеті елді мекен көгілдір отынға қосылады деп күтілуде.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы