Алматыда «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы талқыланды
Алматыда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жиынға қатысып, осы жобаны көпшілікпен бірге талқылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету мақсатында «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеу және қабылдауды тапсырған болатын. Тапсырманы жүзеге асыру үшін жұмыс тобы құрылып, қоғамдық талқыға түсті. Министр заң жобасын іске асырудың негізгі бағыттары мен механизмдеріне тоқталды.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
– Бұл заң жобасында азаматтардың құқығы, ашықтық, сенімділік, объективтілік айқын көрініс береді. Сонымен қатар қоғамдық бақылаудың қолжетімділігі мен ақпараттың ашықтығына ерекше мән беріледі. Бұл заң жобасы ведомствоның сайтында ашық жарияланды. Сондықтан әрбір азамат өз ұсыныстары мен пікірін білдіре алады.
Заң жобасын әзірлеу барысында Азия мен Еуропа және Американың 30-ға жуық елдің тәжірибесі зерттелген. «Сондықтан бұл заң қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімдікті нығайтып, елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңару процестерін жеңілдетеді», – дейді мамандар.
Эдуард Полетаев, саясаттанушы:
– Бұл заң тұжырымдамасының өзі үкіметтік емес ұйымдардың маңыздылығын және Қазақстандағы азаматтық қоғамның өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Азаматтық қоғам мемлекеттік органдардың жұмысын үнемі бақылауда ұстауға тиіс. «Сондықтан бұл заңда ешқандай шектеу болмауы керек», – деді саясаткер Дос Көшім.
Дос Көшім, саясаткер:
– Бақылайтын объектілерден біздер бақылаушылар рұқсат сұрау керек деген бабы маған өте ұнаған жоқ. Себебі олардың рұқсат бермейтіні айдан анық. Сондықтан біздер өзіміз кез келген объектіні бақылайтындай мүмкіншілік болу керек.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ауылды жерде қоғамдық ұйымдардың санын көбейтуді ұсынды. Министр Аида Балаева бұл заң жобасы еліміздің басқа да өңірлерінде жан-жақты талқыланатынын айтты. «Және бүгінгі басқосудағы барлық ұсыныстар мен талап-тілектер ескеріледі», – деді.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов