Қар төгетін полигондарға бейнебақылау орнатылады
Бұл өзгеріс полигонға келетін жүк көліктерінің қозғалысын жылдамдатады әрі қар тазалау көрсеткіші жақсаратын шығар.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Қар палигоны қарапайым болып көрінгенімен, бұл аумақатың да өз заңы бар. Осында келген кезде өзіңді тура құрылыс алаңында жүргендей сезінесің. Камаз келіп қарды өзі төккенімен, оны жинап, реттеп отыратын арнайы техникалар бар.
Соның өзінде алаңда әрлі-берлі шапқылап жүрген тағы бір үйлестірушіні көзіміз шалды. Полигондағы орынның бір қысқа еркін жетуі негізінен осы маманға байланысты.
Ерғали Ерекеев, нұсқаушы:
- Реттемесек, әр жерге төгіп кетеді. Сосын төгетін жеріміз қалмайды. Сол үшін рет-ретімен төгу керек. Қар түспей қалғанда, күрекпен немесе басқа құрылғылармен қақтырамыз.
Әр жүк көлігі полигон аумағына кірген соң бос қайтуы тиіс. Бұрын бұл негізінен тиісті қағазға қол қою арқылы бақыланатын. Сөйтсе оны өз пайдасына жаратушы пысықайлар бар екен.
Батырхан Жазықбаев, Алматы аудандық әкімдігінің бас маманы:
- Бізде бір жағдай болған. Камаз кіріп, қарын төкпей шығып, шамалы тұрып, қайтып кірген. «Екінші рейс жасап жатырмын» дегенді дәлелдегісі келген.
Соңғы бес жылда Елтай Ибишев нәпақасын осы қар тазалау қызметінен тауып жүр. Өз ісіне адал жан кей әріптесінің мұндай әрекетке баруының себебін былай деп түсіндірді.
Елтай Ибишев, жүргізуші:
- Уақыт өткізу керек. Көлік көп қой. Қар аз.
Сұрап-білген дерекке сүйенсек, әр жүргізуші орта есеппен бір ауысымда полигонға 5 – 6 рет қар әкелуі тиіс. Осы межеге жеткен адам жұмысын аяқтаған болып саналады. Егер ақ ұлпа әдеттегіден көп түссе, бұл сан айтарлықтай көбейеді.
Аян Жұмбасов, серіктестіктің бас маманы:
- Бір жүргізуші полигонға кіреберісте қағаз толтыруға тоқтайды. Оның артынан қатарға өзгелері қосылады. Қар қалың жауғанда осылай кептеліс қалыптасады. Сәйкесінше көлік жылдам босмаған соң, қаладағы қар тазалау жұмысы да тұралай бастайды. Цифрландыру арқылы барлық жұмыс бейнебақылаумен бақыланғанда кептеліс мәселесі бірден жойылды деуге болады.
Осылайша цифрландыру қар полигонында да қолданыла бастады. Әрине, кей жұмыстар әлі де қолмен атқарылуда. Бір жағы сақтық әрі жүйенің мінсіздігіне көз жеткізу үшін осылай істеуде. Ал камералар мен оған қажетті өзге құрылығыларды алуға қанша қаражат жұмсалғаны жария айтылмады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айбын Құсанбеков, Бекболат Базаров