Хабар телеарнасы

Жезқазғанда қар тазалау қарқыны баяу

Жезқазғанда қар тазалау қарқыны баяу. Көлік жолының тазалығына жауапты ұйым апта бұрын жауған ақ ұлпаны шығарып үлгермей жатыр. Қаланың шеткері аудандарын былай қойғанда, орталық көшелердің өзінде нәтиже көңіл көншітпейді. Уақытылы күрелмеген қар көлік дөңгелегімен тапталып жатыр. Тұрғындар болса «Бұл жылда қайталанатын жағдай» деп отыр. Қар шығару жұмыстарына 26 арнайы техника мен 60-қа жуық адам жұмылдырылды. Жалпы биыл қала ішіндегі көлік жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. 

Талғат Әбілмәжінов, қала тұрғыны:

- Қар дұрыс күрелмеген ғой. Содан мынау жердің бәрі бұжыр-бұжыр боп, көп жерге подсыпка жасамаған. Көрдім бүгін біраз жерді аралап. Қар күреп жатқандарын көрмедім. Жүру өте қиын. Бүкіл жер мұз, тайғақ.

Марғұлан Егінбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:

- Тұрғындар шағымы ескерусіз қалмайды. Мердігер ұйымға 2 мәрте ескерту жасалды. Жұмыс қарқынын арттыру үшін олар күшейтілген режимге көшті. Қар шығару жұмыстары қазір тәулік бойы жүріп жатыр.