Қандастарымыз азаматтық ала алмай жүр
Оған көші-қон туралы заң тармақтарындағы кейбір қарама-қайшылықтың кедергісі себеп болып отыр. Жат жердегі қандастарымызды атажұртқа қайтару мемлекеттік саясаттың басым бағыты бола тұра жағдай мүшкіл. Бәрінен бұрын олардың жандарына бататыны, көбі қазақ бола тұра сонысын дәлелдей алмай әлек болып жүр.
Азаматтығы болмаған соң не жұмысы жоқ, дәрігерге қаралу, білім алу мүмкіндігі де жоқ, қысқасы, құжатын реттей алмай сандалып жүргендерді құқық қорғау органдары бір жағынан тағы қысымға алады. Түп-тұқиянын түгелдеп берсе де, Имамалы құзырлы органдарға қазақ екенін дәлелдей алмай жүр. Ауғанстанда жүргенде: «Сүйегіміз атамекенде қалса», – деп армандайды екен. Өкініштісі, Отанына орала сала жақын адамын жер қойнына тапсырды. «Оған азаматтықты дер кезінде ала алмауы бірден бір себеп болды», – дейді.
Имамалы Қазақ, оралман:
- Келіншегім қағаздың жоқтығынан еш жерге қарала алмай жүргеніне бес ай болды. Керек құжат, тіркеу керек. Ал ауруы көбейіп кетті. Қағаздың жоқтығынан қолымда қайтыс болып кетті.
Құжаты болмаған соң, тұрақты жұмысы да жоқ. 15 жаннан тұратын отбасы көрші-қолаңның, қайырымдылық ұйымдардың әкеліп берген тамағымен күн көреді. Қазір азаматтық алу Имамалы секілді Ауғанстан, Иран, Сауд Арабиясынан келген бүкіл қандасымыздың бас ауруына айналды. Көші-қон комитеті де бұдан хабардар.
Сабыржан Сейітжанов, ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары:
- Ауғанстанда туу туралы куәлігі бар. Оны «таскира» дейді. Біздің құзырлы органдарға бұл жеткілікті. Егер осы кісі Ауғанстанның елшілігінен таскираны ұсынса, олар құжатты береді.
Имамалының паспорты да, таскирасы да бар. Тіпті оралман мәртебесі де берілген. Оның қазақ екенін осы құжаттар-ақ айқындап тұр.
Айжан Бодаубайқызы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Алматы облыстық филиалының өкілі:
- Паспортында тегі деген жерде арабша қазақ деп тұр. Бірақ ол тегі дегенді ұлты деп түсінбейміз. Ал таскирада ұлты көрсетілмейді, тілі қазақ деп қана көрсетіліп тұр. Бірақ оны айтсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті келісім бермейді. Сонда өзіміздің заңға қайшы сөз айтып отыр.
Қытайдан келген Камал Қаһарманқызы да құжаттың әлегімен 17 жыл жүрді. Азаматтыққа биыл ғана 91 жасында әзер дегенде қол жеткізді.
Қайрат Бодаухан, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры:
- Мемлекеттік органда отырған инспектор: «Кешіріңіз, мен заңға бағынамын, құжатыңыз жоқ па қабылдай алмаймын», – деп жібереді. Екінші рет келсе, құжатсыз жүргені үшін айыппұл салады. Ал ол азамат сосын миграцияға да бармайды, солай қашып жүре береді. Бұл – үлкен мәселе. Баласы туады, құжаты жоқ. Оқу бітіреді, құжаты жоқ.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Көші-қон заңдарына сәйкес шетелден келген қандастарымыз үш ай мерзімінде азаматтығын алуы тиіс. Бірақ бізде бұл он тіпті, 20 жылға дейін созылып жатады. Бейресми дерек бойынша елімізде түрлі себеппен азаматтық ала алмай жүрген мыңдаған жан бар екен. Сондықтан қоғам белсенділері арнайы комиссия құруды ұсынып отыр. «Сосын деректер базасын жасақтап, мәселені шешу керек», – дейді. Әйтпесе, азаматтық ала алмай жүргендердің нақты санын құзырлы органдардың өздері де білмейді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Меделбеков, Қанат Әбілдин