Орал тұрғындары шатырдың уақытылы тазартылмайтынына наразы
Қазір жасөспірімнің жағдайы жақсы. Ол ауруханадан үйіне қайтарылды.
Дархан Нұрмұхамедов, қала тұрғыны:
- Телефоннан уақыт қарайын деп тоқтадым. Үйдің үстіңгі жағынан адыр-күдір бір нәрсе түсіп келе жатқанын естідім. Айналып қараймын дегенше балаларды қар басып қалған. Жүгіріп бардым да, екі баланы қардан шығардым. Бір бала аяғым ауырды деп қатты айқайлап жатты.
Дархан оқиға орнына бірден жедел жәрдем шақырды. Әйтеуір бала аман қалды. Дәрігерлер ауыр жарақат алмағанын айтады. Дәл осы көпқабатты үйдің тұрғындары шатырдың уақытында тазартылмайтынына наразы.
Аяш Өтеғалиев, қала тұрғыны:
- Бұл ПИК-тің жұмыс істемеуінен болып отыр. Біріншіден, қар тазаланбайды. Шағым жасайсың, олар келмейді. Міне, осындай жағдайдан кейін ғана келіп, тазалап жатыр.
Ал баспананың күтіміне жауапты «Еділ-Жайық» пәтер иелері кооперативі төрағасының оқыс оқиғаға қатысты айтары басқа.
Мухарам Супеев, ПИК төрағасы:
- Ата-аналар балаларын қадағалап отыруы керек. Мен мына жерге хабарландыруды екінші рет жапсырып қойдым. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін балаларға ескертіп отыруды жиі айтамын.
Шатырдан құлаған қар ауладағы жеңіл көлікке де зақым келтірді. «Темір тұлпарды жөндеу айтарлықтай үлкен шығынды талап етеді», – дейді иесі.
Бекжан Есмағанбетов, қала тұрғыны:
- Көлігімнің төбесі және әйнектері жарамсыз. Кейін МАИ қызметкерлерін шақырдым. Тиісті протоколдарды толтырдық. ПИК төрағасын шақырған кезде ол, біріншіден, келген жоқ. Төбеге қарайтын болсақ, тиісті бекітпелері жоқ. Ол бекітпелер болған, бірақ үзілгеннен кейін қайтып қойған жоқ.
Қала әкімдігінің мәліметінше, дәл осы коммуналдық қызмет көрсету ұйымының тарифтік жоспарында шатырды қар мен мұз сүңгілерінен тазарту жұмысы қарастырылмапты.
Дархан Еркінұлы, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Егер тұрғындардан ай сайынғы жиналатын ақшада, тарифтік қызметте қар тазалау жұмыстары көрсетілмеген болса, олар (ПИК) міндетті емес. Тұрғын үй қатынастары Заңына орай, әрбір үйді және кондоминиум объектісін күтіп-ұстау – тұрғындардың өздерінің ауыртпашылығы.
Оралда 1244 көпқабатты тұрғын үй бар. Баспаналардың күтіміне 106 коммуналдық қызмет көрсету ұйымы жауапты. Алайда олардың тарифтік жоспары әртүрлі.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Пәтер иелері кооперативтерінің біразында шатырды қардан тазарту қызметі жоқ. Салдарынан көптеген үйдің төбесінде ақұлпа таудай боп үйіліп жатыр. Ғимараттардың жанымен өту қауіпке бас тіккенмен тең. Сондықтан басымызға каска киіп алуды жөн көрдік. Әрине, бұл да қатерден сақтап қалуға кепілдік бермейді. Егер қайғылы жағдайлар бола қалса, кім жауап беретіні белгісіз.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов