Енді қазақстандық қызанаққа шектеу жоқ
Естеріңізге салсам, көршілес мемлекеттің ауыл шаруашылығы өнімдерін бақылаушы ұйымы: «Алматы және Ақтөбе облыстарында орналасқан жылыжай кешені тауарларынан қоңыр қатпарлы вирус ізі табылды», – деп мәлімдеген болатын.
Сондықтан Ресей тарапы қазақстандық қызанақты қабылдаудан бас тартқан еді. Бұдан былай көкөністің бұл түрін Ресей нарығына еркін жөнелте аламыз. Өйткені тиісті сараптамалар тағылған айыптың орынсыз екенін дәлелдеп шықты. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдерінің басшыларына Үндеу жасап, ортақ нарықтағы кедергілерді жою қажеттігін ерекше атап өткен еді.
Ақтөбе облысындағы жылыжай кешендері жылына шамамен 11 мың тоннадан астам өнім береді. Бұл жергілікті тұтынушылармен қатар еліміздің көршілес облыстарын да қамтамасыз етуге жеткілікті. Ақтөбеде өсірілген сапалы қызанаққа сұраныс Ресейде де аз емес. Сондықтан түсімнің жартысына жуығы шетел нарығына импортталып келген. Алайда жыл басында көршілес мемлекеттің шекарасы жабылып, қазақстандық тауарды қабылдаудан бас тартты. Олардың айтуынша, жабық кешенде өсірілген қызанақтардан қоңыр қатпарлы вирус анықталған.
Эмиль Милушев, жылыжай кешенінің қаржы директоры:
- Біз Екатеринбург қаласындағы ірі тұтынушымызға 15 тонна қызанақ жолдағанбыз. Ресейдің құзырлы органдары фитосанитариялық зерттеу жүргізіп, қоңыр қатпарлы вирус анықтадық деп отыр. Бұл шешімді тексеру үшін сынамаларды Мәскеудегі тәуелсіз зертханаға жолдағымыз келген. Алайда Свердловск облысының федералды қызметтері рұқсат бермеді.
Ал Нидерланд еліндегі және Алматы қаласындағы фитосанитариялық зертхана сараптамасы қызанақтардың дерттен аман екенін көрсетті. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері бұл жайды көрші ел тарапынан қойылған жасанды кедергі деп мәлімдеп, жағдайды реттеуге бел шеше кіріскен болатын. Себебі мәселе жақын уақытта шешімін таппаса, отандық тауар өндірушілердің шығыны шаш етектен болары сөзсіз.
Мұрат Тоқболатов, Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Экономикалық тұрғыдан алғанда қиындықтар туындайтыНы белгілі. Себебі Ақтөбедегі ірі жылыжай кешендері күніне 15 – 17 тонна қызанақ өндіреді. Ал бұл жергілікті нарық үшін өте көп. Сауда орындары сатып үлгермейді. Тез бұзылатын тауарды қоймаға да сақтап қоя алмаймыз.
Әрбір жан жылына орташа есеппен бес келі қызанақ тұтынатынын ескерсек, Ақтөбе облысындағы жылыжайлар бұл сұранысты толықтай қамтып отыр. Өңірде қазір 13 серіктестік көкөніс өсіруді қолға алған. Олардың дені фермерлік, шағын қожалықтар болса, үшеуі тәулігіне шамамен 15 тоннадан өнім береді. Сондықтан 900 мыңға жуық қана тұрғыны бар Ақтөбе нарығы жергілікті өндірушілер үшін аздық етеді. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысында 11 170 тонна қызанақ пен қияр өндірілсе, оның 4 800 тоннасы экспортқа жөнелтілген.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Жылыжайлардың дені облыс орталығында шоғырланған. Себебі шаһар маңы мал шаруашылығына қарағанда өсімдік өсіруге қолайлы. Бұл болашақ агломерацияның да талабына сай келеді. Қазірдің өзінде Ақтөбе облысындағы жылыжай кешендерінің аумағы 44 гектарға жетті. Жергілікті атқарушы биліктің айтуынша, биыл қосымша бірнеше кешен салынуы тиіс. Нәтижесінде түсім тағы 4,5 мың тоннаға артады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков