2022 жылы БАҚ туралы жаңа заң қабылданады
Ол «Қазақ газеті» деп аталады. Бір брендке мемлекет меншігіндегі барлық басылымдар біріктірілмек. Бұл туралы министрліктің кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Сондай-ақ шекара маңындағы аумақтарда хабар тарату желісін дамытуға ден қойылмақ. Тиісті жол картасы да әзірленіп қойған.
Бұдан бөлек, отандық контенттің сапасын жақсартуға баса назар аударылмақ. Былтыр елде шетелдік бағдарламалардың үлесі 30 процентке қысқартылған. Еліміздің ақпараттық саясаты мен қоғамдық қатынастарына жауап беретін министрліктің кеңейтілген алқа отырысында тағы нендей мәселелер талқыланды.
Жыл басында барлық ведомстволар өткен жылдың жұмысын қорытындылап, биылғы жылға жоспарымен бөліседі. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алғашқылардың бірі болып кеңейтілген алқа отырысын өткізді. Сала басшысы Аида Балаева сөзінің басын «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыру мәселесіне арнады.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
– Елдің рухани кемелдігі мен саяси тұрақтылығы, қоғамдық берекесі мен бастаған ісінің баяндылығы көп жағдайда осы біздің министрліктің жұмысына байланысты. Сол себепті келесі аптадан бастап ел алдына шығып, онлайн/офлайн форматтарда «Өңірлердегі министрлік күндерін» ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Министрлік құзырындағы негізгі міндеттердің бірі – ақпараттық саясат. Ал оның механизмін заңды тұрғыдан қамту үшін БАҚ туралы жаңа заң қабылданады. Бірақ әуелі оның жобасы кең көлемде талқыланатын болады. Ұсыныс-пікірлер тыңдалғанан кейін салмақтылары 2022 жылы құжатқа енгізіледі. Сонымен қатар ақпараттық кеңістікте жаңа бренд пайда болатыны белгілі болды.
Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:
– Ақпараттандыру жұмысымен қатар министрлік БАҚ саласын дамыту көптеген республикада көптеген шаралар атқарылды. «Егемен Қазақстан» мен «Каазахстанская правда» АҚ біріктірілді. Барлығы осы іс-шаралар аяқталғаннан кейін 2021 жылы мемлекеттік басылымдар «Қазақ газеті»брендіне біріктіріледі.
Пандемия кәсіби дәрігерлердің ғана емес, осы саланың қыр-сырын білетін журналистердің де тапшы екенін көрсетті. Сондықтан елде салалық тілшілерді даярлау жобасы қолға алынды. 8 ақпаннан әр сала бойынша 50 журналисттен оқытылмақ.
Министрлікке жүктелген тағы бір сала – бұл дін мәселесі. Осы бағытта ақпараттық-түсіндіру мен алдын алу жұмыстарын күшейтудің арқасында 3 мыңнан астам отандасымызды теріс ағымның арбауынан айыққан.
Ержан Нүкежанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы:
– Бұрын профилактикалық жұмыстар жалпылама жүргізілетін болса, қазір көбіне құрылыс алаңдарында, вахталық тәсілмен істейтін азаматтардың арасында қолға алдық. Сонымен қатар базарлар қамтылған. Өйткені діни-радикалды идеологияның таралуы зерттеу бойынша сол жерлерде шоғырланған.
Кеңейтілген алқа отырысының соңында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов министрлікке қоғамдық пікірді мейлінше ескеруді тапсырды. Ал сала басшысы Аида Балаева ведомство алға биік мақсаттар қойып, тиімділікті арттыруға ден қоятынын мәлімдеді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт