Ы.Алтынсарин атындағы ауыл тұрғындары судан уланып жатыр
Астананың іргесіндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы ауыл тұрғындары ауызсудан ауырып жатыр. «Улану, аллергия секілді дерттер бері жағы, сапасыз суды тұтына берсек, тұтас ағзаны құртып аламыз ба?», – деп қорқады.
Қауіпті әрі қымбат. Тұрғындар сапасыз судың бір текше метріне шамамен 200 теңгеден төлеуге мәжбүр.
Татып көрдік. Тілімізге бірден тұздың дәмі келді. Осыдан үш жыл бұрын ауылға су келгенде Алмаш Бекмұратова қуанған. Бірақ судың нағыз у болып шығарын білген жоқ. Оның үстіне бағасы да удай.
Алмаш Бекмұратова, ауыл тұрғыны:
– Дұрысталған түрі бұл. Басында сап-сары су ағатын. Бағасы өте қымбат –199 теңге, 98 тиын. Қалада енді 30-40 теңге ғой кубы. Бізде өте қымбат. Бұл су не ішуге жарамайды, не кір жууға жарамсыз.
Астананың іргесіндегі осы ауылға он жыл бұрын көшіп келгенде қолымды жылы суға малып отырамын деп ойлағандардың бірі Бибіжан Байтасова болатын. Енді қолын суға салса, терісі тітіркеніп, қыши жөнеледі. Сапасыз судың бір текше метріне 200 теңгеден төлейді, ішер суды сатып алады. Су үшін шығын шаш-етектен.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
– Осы ретте Бейімбет Майлиннің диалогқа құрылған атақты шығармасы еске түседі. Егер де бүгінгі күнге лайықтасақ, ол шамамен былай естілер еді. «Уа, кімсіз, ыбырайлықтармыз, жаймысыз, жаймыз, қайдан келесіз? Судан келемін». Ауылдықтар суды сатып алып ішеді. Литрі – 10 теңге.
10 теңге де ауыл тұрғындары үшін ақша. Біз стендап жасаған жарты сағат уақытта мына аппараттан ауылдың тұрғындары келіп, кезекке тұрып, литрлап су алып жатты. Демек алтынсариндықтардың ауызсуға жарымағаны – біреулер үшін үлкен бизнес.
Пластик жеті бөтелкемен келген Ахмедия Алмас бүгін үйіне 50 литр су алып кетті. Күллі отбасы уланып қалғалы бері, үйге келіп тұрған судан татып алғысы жоқ.
Ахмедия Алмас, ауыл тұрғыны:
– Анау судан уланып қалдық. Сосын осылай әкеп ішеміз. Өзім ауырдым. Үйдегі үлкен кісілер ауырды.
Ауылдың белсенділері суды тәуелсіз зертханаларда тексертіп көрген, адам терісіне зиян деген қорытынды жасапты. Су төңірегіндегі шудан әкімдік хабардар екен, әдеттегідей мәселенің шешімін табамыз деп уәде етті. Мерзім – наурыз айы.
Мирас Кужубаев, Талапкер селолық округы әкімінің орынбасары:
– Судың сапасы жайында шағымдар былтырдан бері айтылып келеді. Біз бұл мәселені аудандық әкімдік алдында, «Целиноград арна суы» алдында көтердік. Судың сапасын жақсарту үшін фильтрлерді ауыстыру керек, оның құны арзан емес. Дегенмен «Целиноград арна суы» мекемесі бұл жұмысты осы наурыз айында бастаймыз деді. Сондықтан халыққа күте тұруына тура келеді.
Ыбырай Алтынсарин ауылы ел астанасы Нұр-Сұлтаннан не бары 16 шақырымда орналасқан. Сондықтан болар ыбырайлықтардың проблемасымен министрліктегілер де хабардар екен.
Бексұлтан Бегалиев, ҚР ИИДМ Сумен жабдықтау және су бұру басқармасының бас сарапшысы:
– 2017 жылы біздің бюджеттік бағдарлама шеңберінде Ы.Алтынсарин ауылын сумен жабдықтауға қаражат бөлінген толық көлемде. Жалпы құны 500 миллионды құраған. Пайдаланушы мекеме қабылдаған желілерді күтіп-бағуға міндетті, ол жерден халық тегін су ішіп отырған жоқ қой, фильтрлерді уақытында ауыстырып отыруы керек.
Елорданың етегінде орналасса да инфрақұрылымдық жағынан Ыбырай Алтынсарин ауылының ахуалы анау айтқандай емес. Ауызсу бір ғана проблема, жарық жоқ, жол жаман, қаңғыған иттер ол жүргізбейді. Әкімдік болса: «Бәріне ақша жетпейді», – деп отыр. Талапкер ауылдық округінде 25 мың халық тұрса, жылдық бюджеті – 30 миллион теңге көлемінде.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Жандос Сұлтанғазиев және Аян Сәрсенбаев