Өскемендіктер жылуға жарымай отыр
Қалада тұрғын үй мен өнеркәсіп саны өскен сайын жылу мен энергияға деген сұраныс артып келеді. Қазір шаһарда екі жылыту орталығы бар. Бірақ құрылыс қазіргі қарқынмен дами берсе, 2023 жылдан бастап қиындық туындауы мүмкін. Сондықтан осы сала мамандары тез арада екінші жылыту орталығын салуды ұсынып отыр.
Олжас Керейхан, тілші:
- Былтыр Шығыста шамамен 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл алдыңғы жылдарға қарағанда екі есе көп. Тек Өскеменнің өзінде қазір 40-қа жуық көпқабатты үй салынып жатыр. Бірақ жаңа шағын аудандар көбейген сайын, оған жылу мен жарық та соғұрлым көбірек қажет. Қазірдің өзінде қаланың сол жағалауында салынған үйлерге жылу жеткіліксіз.
Динара Бақытбекованың жаңа баспана алғандағы қуанышы көпке созылмады. Ол сары аяз сақылдағанда пәтері пана болмайтынын айтады. Кішкентай баласы бар жас отбасы ескі үйден жаңа баспанаға көшкеніне өкініп отыр.
Динара Бақытбекова, қала тұрғыны:
- Бұрын тұрған үйіміз жылы болатын. Қазіргі жаңа үйіміз суық. 40 градус суықта балалар қатты тоңып ауырды.
Тоңып ауырған тұрғындар жеке пәтер иелері кооперативіне қанша шағымданғанымен, орталық құбырдан келетін жылудың температурасы төмен болғандықтан ешқандай нәтиже жоқ. Қазір бүкіл қаланы екі жылыту орталығы қамтамасыз етіп отыр. Бұл орталықтар 50-60 жыл бұрын салынғандықтан, бүгінде толық қуатында жұмыс істеп отыр. 2023 жылға қарай жылуға деген тапшылық қатты сезілуі мүмкін. Сондықтан «Өскемен жылыту орталығы» қосымша тағы бір қазандық салуды жоспарлап отыр.
Жандос Тұраров, «Өскемен ЖЭО» цех бастығы:
- Жобаларды іске асыру арқылы станцияның жылу қуаттылығын 241 гигакалорияға және электр қуаттылығын 55 мВт көтеруге мүмкіндік аламыз.
Бір қазандық салынғанымен жылу мен қуатқа деген тапшылық түпкілікті шешілмейді. Сол үшін тұрғын-үй коммуналдық саласына жауапты мамандар қалада екінші жылыту орталығының экономикалық-техникалық негіздемесін дайындады. Қуаты 50 гигакалория болатын қазандық көпқабатты 300 үйді жылыта алады.
Нұрлан Рамазанов, Облыстық ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі құрылыс климатологиясы Өскемен қаласындағы 37.3 градустық ең суық 5 күн бойынша алынып, есептеледі. 2023 жылға қарай жаңа тұрғын үйлер салынғанда, жылу тапшылығы болуы мүмкін. Сол себепті қазір екі қазандықтың құрылысын жоспарлап отырмыз.
Өскемен жылыту орталығы тек осы қыста 1 миллион 436 мыңға жуық гигакалория жылу қуатын берген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 134 мың гигакалорияға артық. Яғни қалада тұрғын үй құрылысы мен өнеркәсіп өскен сайын жылуға деген сұраныс артып келеді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабаханов