Коронавирус қаупі сейілді ме?
Бүгін бұл жайында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Елде вакцинация науқаны қызу жүріп жатыр. Осы он күн ішінде 13 мыңнан астам медицина қызметкері «Спутник-V» екпесін салдырған. Енді 65 жастан асқан егде адамдарға да екпе салынуы мүмкін.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Қазақстан үшін коронавирустың қаупі сейілді ме? Вирустың таралуы бойынша Қазақстанның өзі «жасыл» аумаққа орналасқанымен, ел ішінде «қызыл» аймақта әлі үш өңір тұр. Олар: Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. «Сары» аймақта да үш өңір – Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Қалған 11 өңір жасыл аймақ қатарында.
Қазақстанда вакцинациялау науқанының басталғанына бүгін тура он күн. Осы мерзімде 13 301 медицина қызметкері ресейлік «Спутник-V» вакцинасын алды. Бүгін журналистерді вакцинацияға бөлінген қаржы көлемі көбірек қызықтырды. Жалпы, бұл мақсатқа 18 млрд теңге бөлінген, 15 млрд ресейлік вакцинаны шығаратын қарағандылық зауытқа беріліпті. «Спутник-V» вакцинасының екі дозасының құны – 26 доллар. «Алдағы уақытта оның құны төмендеуі мүмкін», – деп болжайды министр. Бүгін вице-министр отандық «QazCovidIn» екпесін вакцинациялауға бөлінетін қаржы көлемін де жариялады.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Қазақстан вакцинациясына 31.6 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.
Отандық вакцинаның дайын болуын күтіп жүргендердің бірі – сала министрі Алексей Цой. Оның айтуынша, «QazCovidIn» вакцинасы тестілеуде жақсы нәтиже көрсетіп жатыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Вакцина жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Мен Денсаулық сақтау министрі ретінде отандық өнімді қолдап, ол дайын болған сәтте алғашқылардың бірі болып егуге дайынмын.
Елде екпе алатындардың қатары артады. Бұған дейін вакцина 65 жастан асқандарға егілмейді деген болатын. Енді министрлік бұл шешімін өзгертпек.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- 65 жастан асқан адамдарды вакцинациялауға қатысты көптеген сұрақ келіп түсуде. Созылмалы ауру, аллергиялық реакция, басқа да қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, осы санатты вакциналау жоспарына енгізу мәселесін қарастырамыз.
Қазақстанда шектеулерге байланысты 13 мыңнан астам бизнес субъектісі әлі күнге дейін өз қызметін қайта бастай алмай отыр. Олардың қызметін қайта қалпына келтіруге «Ashyq» мобильді қосымшасы көмектеспек. Бұл мобильді қосымшаны отандық IT-компания әзірлеген. Ол қазір Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында іске қосылған. Қазір 40 объекті осы пилотқа ерікті түрде қатысып жатыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Түстерге бөлу, әлеуметтік желілерде талқыланғандай, адамдардың өмірін «бақылауға және «қадағалауға» арналмаған. Бұл науқасты анықтайды немесе адамның карантиндегі пациентпен жақын байланысы бары-жоғын көрсетеді. «Аshyq» мобильді қосымшасын әркім өз еркімен қолданады және ол қауіпсіз орта қалыптастыруға, келушілерді вирус жұқтыру, індеттің таралу қаупінен қорғауға бағытталған. Сондай-ақ бизнеске карантин кезінде қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді.
ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне бірқатар жеңілдік енгізілді. Қазақстандықтар үшін, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін де шекараны кесіп өту жиілігі еш есе ұлғайтылды. Министрлік халықтың 60% вакцинациядан өткеннен кейін ғана маскасыз жүруге болатынын айтады. Ал ол үшін 10 миллион адамға вакцина салу қажет. Ол жоспар биыл орындалмауы мүмкін. Сондықтан биыл да бетпердемен жүруге тура келетін секілді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Тоқтар Терлікбаев