Павлодарда 400-ден астам отбасы апатты үйде тұрып жатыр
Өткен ғасырдың 50-жылдары салынған үйлер әлі сүрілмеген. Қабырғалары сөгіле бастаған үйлердің төбесі тұрғынның басына ойылып түссе, не болмақ? Оны тұрғындар біліп отыр, бірақ көмекке келетіндер асықпайды.
Бұл үйлердің қабырғалары шытынап, едендері опырылуға шақ қалған. 1954 жылы салынған екі қабатты баспана жөндеуге де жарамсыз.
Тұрғындардың дені – зейнеткерлер. Жөндеу жұмыстарын жасауға қауқарсыз. Күлайым Мұқышева бұл пәтерде 20 жылдан астам уақыт тұрады. Бес жыл бұрын көршілерімен ақша жинап, сараптамаға тапсырыс берген.
Күлайым Мұқышева, апатты үй тұрғыны:
- Әкім 2022 – 2023 жж. ғана үй берілетінін айтты. Оған дейін үй берілмейді. «Инвестиция болады», – деді. Бірақ инвесторлар учаскенің кішкентай болатынын айтты. Мұнда сегіз-ақ пәтер, 11 кішкентай бала бар.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бұл екі қабатты тұрғын үйлер бастапқыда уақытша, яғни 25 жылға арналып салынған. Дегенмен 25 жыл түгілі 70 жылдан астам уақыт өтті. Тұрғындар өз қаражаттарына сараптамаға да тапсырыс берген. Оның нәтижесінде үйлер апатты деп танылды. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ.
Осы үйлер де уақытша баспана ретінде бой көтерген. Сырт көзге ескі үйге ұқсамайды. Сырты кірпіш, ал іші ағаш. Бірақ әлі күнге дейін апатты деп танылмаған. Нысанның коммуналдық жүйесі істен шыққандықтан, тұрғындар суды да шелектеп тасуда.
Нұрлан Сүлейменов, тұрғын үйді бағалау жөніндегі сарапшы:
- Құрылыс қызметі туралы заңына сәйкес үйдің жасы, физикалық жағдайы бағалануы керек. Апатты үйлерді сүру шешімін комиссия шешеді. Бірақ нысанды бұзбас бұрын тұрғындарға апатты пәтердің көлемімен бірдей тұрғын үй берілуі керек. Бұл мәселелерді жергілікті атқарушы органдар реттейді.
Бүгінде облыс орталығында осындай күйдегі 44 үй бар. 400-ге жуық пәтер иесі тұрғын үйді ауыстыру кезегінде тұр.
Жансерік Қапзолла, Павлодар қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің маманы:
- Ағымдағы жылы бұрынғы Аллюминстрой шағын ауданында орналасқан сегіз екі қабатты тұрғын үй бұзылатын болады. Сонымен қатар Сарыарқа және Достық шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін ағаш үйлер кезең-кезеңмен бұзылатын болады.
Павлодарда соңғы 15 жылда 150 екі қабатты үй сүрілген. 90% орнында жаңа көпқабатты үйлер салынды. Кезек күткен тағы 46 пәтер иесі бар. Ал өзге шағын аудандардағы апатты үй тұрғындары күтуге мәжбүр. Себебі әкімдіктің иелігінде бос пәтерлер жоқ.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков