Карантин жекеменшік балабақшаларды қыспаққа алды
Бірақ балабақша тәрбиешілерінің жалақысы төмен күйінде қалған. Олар: «Бұған себеп – карантиндік шектеулер кезінде мемлекеттік тапсырыс қаржысының өз деңгейінде төленбеуі», – дейді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Балабақшаға келген әрбір бүлдіршіннің температурасы өлшенгеннен кейін қолын антисептикпен залалсыздандырады және оның барлық мәліметі мынадай журналға тіркеледі. Ал ата-анасы сыртта қалады. Ішке өтуге рұқсат жоқ. Дәл осындай санитарлық талаптарды сақтай отырып, әр топқа 15 баланы қабылдауға рұқсат берілген.
Мекеме мұнтаздай таза, балалар да көңілді. Бірақ меңгерушілерде маза жоқ. Бар ойы – қызметкерлердің еңбекақысына қаражатты қалай жеткізу. Гүлзия Қадырова да екі жыл бұрын 200 орындық жеке балабақша ашыпты. 46 адамды жұмыспен қамтыған. Дегенмен шектеу шараларына байланысты ай сайынғы табысы шығындарын жабуға жетпейді екен.
Гүлзия Қадырова, кәсіпкер:
- Алгоритммен келіп отырған балаларға ғана жоғарғы төлеммен төлейін деп жатыр. Ал қалған келмей отырған балалар өткен жылғы қаржыландырумен қалады. Бұл бізге штаттық педагогтеріміздің жалақысын көтеруге қиындықтар туғызып отыр.
Пірмұхаммед Сыздықов, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- 200 орындық балабақшаға балалар толық келмесе де, жүз бала келгеннің өзінде сол тәрбиешілер келеді. Айналып келген кезде бір топқа бір тәрбиеші, бір методист және медбикесі мен аспазшысы бар, қарауылдары тура келеді. Олар қысқарып жатқан жоқ.
Облыста 667 балабақша болса, оның 415-і жекенің үлесінде. «Биыл мемлекеттік тапсырыс негізінде әр балаға төленетін қаржы көлемі өткен жылы 30-33 мың теңге болса, биыл 45-48 мың теңгеге дейін көбейді», – дейді мамандар. Ал балабақшалардағы бала санын шектеуді жеңілдетуге қатысты ұсыныстар зерделеніп жатыр екен.
Ернат Алпысбаев, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Шектеу шараларына байланысты балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс жергілікті атқарушы органдардың шешіміне сәйкес бекітіледі делінген. Бүгінгі таңда облыс жедел штаб отырысында аталған мәселені шешуге құжаттар әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта өз шешімін табатын болады.
Ең болмаса, әр топқа 20 балаға дейін қабылдауға рұқсат берсе, қызметкерлеріміздің айлығын да көбейтуге көмек болар еді. «Бұл жеңілдік жасыл аймақта тұрған өңірлер үшін заңға да қайшы емес», – дейді балабақша иелері.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов