COVID-19 дертінің клиникалық белгілері екі жылға дейін сақталуы мүмкін
Қазақстандық дәрігерлер «Постковидті белгілер» жобасы аясында коронавируспен ауырған қазақстандықтардың денсаулығын зерттеп жатыр. Адам ағзасына кеселдің келтіретін кесірі аз емес. Адамдардың есте сақтау қабілеті нашарлайды, иммундық жетіспеушілік пайда болып, тыныс алу жүйесі бұзылады. Тіпті психикалық күйзеліске де әкеп соғуы мүмкін. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында «Постковидті белгілер» жобасы сынақтан өтіп жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айында 400-ден астам адам тексерістен өткен. Оның ішінде жүзі бала екен.
Сәуле Қасенова, «Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ профессоры:
- Мысалы, коронавируспен ауырған адам ұзақ уақыт бойы жөтеліп жүре беруі мүмкін немесе демікпе, әлсіздік пайда болуы мүмкін. Соның салдарынан адам бұрын күнделікті істеп жүрген әрекеттерін жасауы қиындай түсуі мүмкін. Коронавируспен ауырған адамдардың кейбірінде үнемі басы ауырып, басы айналып жүрсе, енді бірінің жүрек тұсы, кеудесі ауырып жүруі мүмкін. Тіпті ұйқысы бұзылып, есте сақтау қабілеті нашарлап кететіндері де бар. ДДСҰ-ның биыл 25 қаңтарда шыққан ұсынымы бойынша, коронавируспен ауырып, емделген адам дәрігерімен телефон арқылы байланыста болып тұруы керек.