Оралда этномәдени бірлестіктер «Қайырымдылық керуені» акциясын өткізді
Мейірбан жандар ортақ іске жұмылып, 150 отбасыға азық-түлік таратты. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар волонтерлерді көлікпен қамтамасыз етті. «Алғыс айту мерекесін осындай қайырымдылық акциясымен айшықтағымыз келді», – дейді өзге ұлт өкілдері. Өңірде 54 этномәдени бірлестік бар. Олар төл өнері мен әдет-ғұрпын жаңғыртып келеді. Осындай мүмкіндік жасалғаны үшін қазақ халқына алғыс пен ризашылығын білдірді.
Медхат Қамбетов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:
- Мереке құтты болсын! Алғыс айту күнінде көптеген шара өтті. Бүгін, ертең жалғасын таба береді.
Қайырымдылық қаржылай көмек көрсетуден ғана тұрмайды. Оны сөзбен де, іспен де жасауға болады. «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпазы Дильмира Блац осылай дейді. Ол жетекшілік ететін волонтерлік қозғалыс із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеумен айналысады. Тек былтырдың өзінде 300-ге жуық жанды жақындарымен қайта қауыштырған
Дильмира Блац күніне осындай ондаған қоңырауға жауап береді. Оның айтуынша, елімізде волонтерлік іс дамып келе жатыр. Соңғы уақытта жақындарынан көз жазып қалғандар полициямен қатар, осындай ұйымдарға да хабарласады.
Дильмира Блац, волонтер:
- Қоңырауды қабылдайтын арнайы адамдар бар. Бірақ маған да телефон шала береді. Біз республика бойынша жұмыс істейміз. Егер де жоғалған адам орта жаста болса, онда алдымен ол туралы ақпаратты жер-жерге таратып алып, іске кірісеміз. Ал бала немесе ақыл-есінде кемістігі бар үлкен кісі болатын болса, бірден жиналып шұғыл іздеуге шығамыз. Бұл – айтуға оңай болғанымен, қиындығы көп шаруа. Бірақ жоғалған адам аман-есен табылып, туған-туыстарымен қауышып жатқанын көргенде шаршағаныңды ұмытып, бірге қуанасың.
Бүгінде Дильмира Блац басқаратын бірлестікте жүзге жуық волонтер бар. Ең жасы 14-те болса, үлкені 70-ке жуықтаған. Олар – әртүрлі сала мамандары. Барлығын қайырымдылық жасауға деген ұмтылыс біріктіреді. Волонтерлікке ден қойғандар көбейе бастаған соң, бірлестік жанынан жастар қанаты ашылған. Онда қазір 25 жас бар. Іздеу жұмыстарына, әсіресе, деменция, альцгеймер сияқты ауруға шалдыққан жандарды табу қиындық тудырады.
Дильмира Блац, волонтер:
- Бірде Алматыдан үйінен шығып кетіп, қайта келмеген қарияны Түркістан облысынан таптық. Қарт бұрын тұрған үйін тауып барған. Ал қазіргі мекенжайын ұмытып қалған. Сонда ауырып, ауруханаға түседі. Біздің әлеуметтік желідегі ақпаратты оқыған бір медбике хабарласып, мән-жайды түсіндіріп айтып берген соң, туған-туыстары барып алып келді. Айта берсем мұндай оқиғалар өте көп.
Қозғалыс тек былтырдың өзінде 275 адамды табуға көмектескен. Өкінішке қарай олардың арасында қайғылы оқиғалар да кездеседі. Ондай кезде ұйымдағы психологтар көмекке келеді. Ал Дильмира Блацтың мамандығы – инженер-технолог. Бірақ соңғы бес жылда өзі ғана емес, отбасымен волонтерлікпен шұғылданады. Ол жақында ғана өткен «Қайырымдылық керуені» байқауынында 700-ге тарта адамның ішінен озық шығып, «Мейірімділік жолында» номинациясында жеңімпаз атанды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев