Қызылордалық диқандар «Әйтек» су торабы құрылысының бітпей жатқанына алаңдап отыр
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Қазалы, Қармақшы, Сырдария ауданы үшін мына «Әйтек» су торабының маңызы өте зор. Каналдар жүйесіне су жеткізетін ірі гидронысанның осыдан екі жыл бұрын бетон қабырғалары сөгіліп, содан бері апатты деп танылған. Осыған орай өткен жылы ел бюджетінен қомақты қаржы бөлінген. Содан бері құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
«Биыл Сыр өңірінде суармалы су тапшылығы болады», – деп болжайды мамандар. Дегенмен басты дақыл көлемін 85 мың гектарға егу межеленген. Көп ұзамай көктемгі дала жұмыстары басталады. Бірақ «Әйтек» су торабын қайта қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Әліби Бекжанов, шаруа қожалығының төрағасы:
- Көктемдегі сулар осындай қыс айларында ағып жатыр. Ол ағып, дарияға кетіп жатыр. Солардың бәрі жолдағы қоймаларға сақталып, ертең егіс уақытында қолданылса, пайдасы бар. Теміржолдың арғы бетіндегілер суды сол «Әйтек» су торабынан алады.
«Әйтек» су торабы арқылы 16 мың гектар егістік жер тіршілік нәрімен қамтылады. Оның 11 мың гектары күріштің үлесінде. Егін сусыз қалмау үшін құрылыс қарқынды жүруде. «Дегенмен бірқатар қиындық та бар», – дейді мамандар.
Орынбасар Төлебаев, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Ауа райына байланысты жоспарда шамалы өзгерістер болады. Сондай-ақ жерасты суының шығуы шамалы қолды ұстап тұр.
Жорабек Ерназаров, «Қазсушар» РМК филиалы директорының орынбасары:
- Бетон құю, арматуралық сымды тоқу жұмыстары – барлығы қазір 63% орындалып отыр. Біздің қазір жоспарымыз – 10 сәуірдегі егістікке су алу науқанына дейін жұмысты толық аяқтау.
Қазір гидронысан құрылысына 100-ге жуық адам мен 15 техника жұмылдырылған. Сапасын арнайы техникалық қадағалау мекемесі кестеге сай қадағалап отыр екен. Мамандар: «Су торабын алдағы бір жарым айдың көлемінде пайдалануға беріп үлгіреміз», – деп сендірді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев