СҚО-да 70-тен астам ауылды су басу қаупі бар
Оның үстіне көктем келсе де, ақ түтек боран басылар емес. Ал қалың түскен қар күрт ерісе, су тасқыны болуы әбден ықтимал.
Синоптиктер мен төтенше жағдай қызметкерлері осылай деп дабыл қағып отыр. Соған орай қазір өңірде 79 ауыл қатаң бақылауға алынды.
«Қазгидромед» мекемесінің мамандары әр он күн сайын Есіл өзеніне келіп мұздың қалыңдығын өлшеп, ағыстың жылдамдығын анықтайды. Бұл жұмыс күн жылынып, мұздың көбесі сөгілгенше жүргізіледі. Нәтижесінде тасқынға байланысты нақты болжам жасалынады.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Жердің беті облыс бойынша бір жарым метрге дейін қатқан. Ал Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы 90 см-ден асады. Оның үстіне соңғы аптада түскен қар қалың. Сондықтан қар бірден еритін болса, тасқыннан қауіп бар.
Қазір облыста 19 гидрологиялық бекет бар. Оның біреуі Тораңғұл көлінде болса, қалғандары Есіл өзенінің бойында орналасқан.
Дәурен Қошығұлов, «Қазгидромед» РММ СҚОФ бөлім басшысы:
- Бүгінгі таңда «Сергеев» су қоймасына жиналған судың мөлшері қалыпты деңгейден 50-60% көп. Өзен-көлдерден бөлек мамандар алқаптардағы қардың тығыздығын өлшеп жатыр. Енді барлығы көктемге байланысты болады. Егер күн күрт жылынса, жағдай қиындауы мүмкін.
Тасқынға тосқын шараларын күшейту үшін Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өңірде 79 елді мекенді бақылауға алды. Бұл ауылдарда алты мыңға жуық адам тұрады.
Иван Онищенко, облыстық ТЖД бас маманы:
- Өңірде 484 адамнан арнайы жасақ құрылды. Бұдан бөлек 150-ден астам техника жасақталды. Бұл топтар ертең су басқан ауылдарға жіберіледі. Жалпы Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Қызылжар аудандарында жағдай қиын.
Құтқарушылар сәтін салса, 1-2 күнде өңірдегі өзен-көлдерде мұз жару жұмыстарын бастайды. Себебі қамданған қапы қалмайды.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов