Петропавлда тасқыннан зардап шеккен саяжай иелеріне көмек көрсетіліп жатыр
Қазір 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлемге өтініш қабылдануда. Саяжайдан басқа тұратын жері жоқтарға қандай көмек беріледі?
Көктемгі тасқыннан саяжайшылар да қатты зардап шекті. Бұл жерде Есіл өзені 4 метрге дейін көтерілген. Ал кейбір үйлер сумен бірге ағып кеткен.
Тасқыннан кейін саяжайына келген Ольга Черная жағасын ұстады. Ол осында 30 жыл бойы бері бау-бақша егеді. Биыл оның орнына шығын көлемін санап жүр. «Су бір күнде бәрін жоқ қылды»,— дейді зейнеткер.
Ольга Черная, саяжай тұрғыны:
-Бәрін өз қолымызбен салдық. Жаздыгүні күйеуіммен осында келіп тұратынбыз. Енді үйдің іші быт-шыт. Моншамыз да аударылып қалды.
Бұл саяжай қауымдастығында 300-ден аса үй бар. Бәрі суға кетті. Кейбір тұрғындар қысы-жазы осында тұрады. Енді олар бүлінген мүлікті бағалап, жөндеу жұмыстарына өтемақы төленсін деп отыр.
Константин Серік, саяжай қауымдастығының төрағасы:
-Біз пәтер сұрап жатқан жоқпыз. Бірақ орасан шығынға баттық. Сондықтан жөндеу жұмыстарын өтеп беруді өтінеміз. Үйден ештеңені шығарып үлгермедік. Бөгет салған кезде жолды жауып тастады. Су екінші қабатқа дейін көтерілді.
Ал Виталий Тыщенко зейнетке шыққаннан кейін қаладағы пәтерін сатып, саяжайдан екі қабатты үй салды. Қауымдастық төрағасы болып сайланды. Бұған дейін оны 2017 жылы су басқан. Енді тағы да шығынға батып отыр.
Виталий Тыщенко, саяжай қауымдастығының төрағасы:
-Біздің қауымдастықта 11 отбасы қысы-жазы тұратын. Енді бәріміз де далада қалдық. 27 үй аударылып, суға ағып кетті. Сондықтан көмек бола ма деп үміттеніміз.
Әзірге саяжай тұрғындарына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы жәрдемақы тағайындалды. 75 адамның бұдан басқа тұратын жері жоқ. Бұл жағдайда оларға баспана беріледі.
Наталья Дышкант, қаржы басқармасының басшысы:
-Саяжай иелеріне өтініш берерде меншік құқығын растайтын құжаттың керегі жоқ. Олар тек ресми органның анықтамасын тапсырады. Одан басқа тұратын жері болмаған жағдайда тағы 150 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін жәрдемақы алады.
Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 4 мыңға жуық адам әлеуметтік көмек алды. Бұл мақсатқа 2 млрд теңге жұмсалды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов