Санитарлық талаптарды сақтамаған автобус парктері субсидиядан қағылады
Бірақ қазіргі сәтте іші лық толған автобустарға қатаң тыйым қажет. Айтқымыз келіп отырғаны, осы коронавирусты жұқтырмау үшін қарапайым қағиданы сақтамай жүрген қоғамдық көліктердің көбейгендігі. Мысалы, Оралдағы санитарлық талаптарды сақтамаған автобус парктері субсидиядан қағылуы мүмкін. Әрине, бұған негіз тұрғындар тарапынан арыз-шағымдардың көбеюі болып отыр. Бұл ескертуді облыс әкімі Ғали Есқалиев жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге жасады.
Аймақтың бас санитар дәрігерінің Қаулысына сәйкес қоғамдық көліктерде жолаушыларды орындық санынан артық мінгізуге болмайды. «Әйткенмен бұл шектеу мүлде ескерілмейді», – дейді тұрғындар.
Ахмет Сайынов, қала тұрғыны:
- Таңертең және кешкі сағат 17.00-18.00 аралығында жолаушылар көп болады. Кісі көп болған соң карантин талаптары да сақталмайды. Автобустар легін кішкене көбейтсе екен.
Телжан Меңдіғалиев, қала тұрғыны:
- Әр адам өзі үшін, саулығы үшін сақтанып жүруі керек.
Оның үстіне автобусқа медициналық бетпердесіз мінетіндер әлі баршылық. Түсірілім кезінде кейбір кондукторлардың оларға ештеңе демегенін де байқадық. Мониторингтік топ осындай олқылықтарға қатысты материалдарды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдайды. Жыл басталғалы бері 12 адам әкімшілік жауапқа тартылған.
Нұрбол Сабыржанов, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- «ҚР Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 30 АЕК айыппұл салынатынын айтамыз. Біздер фотоға түсіріп, оны СЭС-ке жібереміз. Осындай жағдайларды тудырмас үшін адам өзінің жеке қорғану құралын пайдаланып жүру керек.
Енді санитарлық талаптардың сақталмауына автопарк иелері тікелей жауап береді. Олар қоғамдық көліктегі келеңсіздіктер салдарынан мемлекеттік субсидиядан айырылуы мүмкін.
Ғали Есқалиев, облыс әкімі:
- Күн сайынғы мониторингті қадағалаймыз. Соның қорытындысы бойынша кімге қанша субсидия берілетіндігі туралы шешім шығарамыз. Үлкен көлемде субсидия берейін деп жатырмыз. Егер санитарлық талаптарды сақтамайтын болса, бөлек шешім қабылдау керек.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Қатерлі дерт дендегенге дейін қалада 400-ден астам автобус желіге шығып жүрген. Алайда карантин басталғалы олардың саны 300 шамасында қалды. Оған автобус парктеріндегі қаржылық қиындықтар және көптеген бизнес нысанның уақытша жабылуына байланысты жолаушылардың азаюы себеп көрінеді. Адам санына шектеу қойылған кезде автобустар көбейтілмей, керісінше кеміп кеткені жұртты қынжылтады. Мұндай келеңсіздіктен соң санитарлық талаптардың сақтала қоюына күмәнданады тұрғындар.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов