Қостанай облысы бойынша 95 елді мекенді су басу қаупі бар
Соған байланысты өңірдің солтүстік аудандарында су тасқыны қаупі басым. Синоптиктер осылай болжап отыр.
Жауапты қызмет орындары қазір қызыл судың алдын алуға барынша қам жасап жатыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Биыл әсіресе Қарасу ауданында қар қалың. Синоптиктердің айтуынша, наурыздың алғашқы он күндігінде айлық нормадан 5 есе көп ылғал түскен. Қар көбесі әлі сөгіле қоймаған. Егер қар күрт еритін болса, аудандағы 16 елді мекенді су басу қаупі бар.
Қарасу кентінің тұрғыны Ғалиолла Молдашев күнде ауласының айналасындағы қармен арпалысып әлек. Өзен арнасынан асар болса, жағаға тақау орналасқан үйлер алдымен зардап шегетін. 2017 жылы бұл маңдағы 40 баспананы су басқан.
Ғалиолла Молдашев, Қарасу кентінің тұрғыны:
- Қарасу көлі су көп келген кезде, қар келген кезде бой бермей кетеді. Жағадан асып шығып, көл айналасындағының бәрі суға кетеді.
Қарасу өзенінің иіріліп келетін осы бір тұсы мамандардың ерекше назарында. Мұз қалыңдығын олар күнделікті өлшеп тұрады. Сосын ағынды су жолын аршу үшін мұз жару жұмыстары жүргізіледі.
Анатолий Бабенко, Қарасу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
- Биыл жеті елді мекеннің маңындағы өзендерде мұз жаруды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, Қарасу, Тінтуыр, Құндыз өзендерінде жарылғыш заттарды қолданамыз.
Қарасу ауданында 41 елді мекен болса, соның 16-сын су басуы мүмкін. Ол жерлерде шамамен 13 мың адам тұрады.
Әділхан Ахмеров, Қарасу аудандық ТКШ жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:
- Нақты айтсақ, 304 үй қауіпті аймақта тұр. Әр елді мекенде эвакуациялау жоспары құрылған. Малды уақытша ұстайтын орындар әзірленді. Су сорғыш құрылғылар, автобус, қажет техникалардың бәрі сақадай сай дайын.
Биыл Қарасуда ғана емес, біршама ауданда жауған қар тиісті нормадан 3-4 есе көп. Оның үстіне синоптиктер: «Сәуір айында ауа-райы әдеттегіден бір градус жылы және ылғалды болады», - деп отыр.
Лариса Кузьмина, «Қазгидромет» РМК ҚФ директоры:
- Оңтүстік аудандарда алаңдайтындай ахуал бола қоймас. Ал Тобыл, Әйет, Тоғызақ, Обаған сияқты негізгі өзен арналары өтетін сотүстік және орталық аудандарға мол су келуі әбден мүмкін.
Қостанай облысы бойынша биыл 95 елді мекенді су басу қаупі бар. Қандай да бір тосын жағдайға жергілікті азаматтық қорғаныс жүйесі тас-түйін дайын отыр. Егер табиғи апат туындай қалса, оның зардабын жоюға 3 мың адам, мыңнан астам арнайы техника тартылмақ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг