Хабар телеарнасы

АGROMASH зауыты күшейтілген жұмыс кестесіне көшті

Қостанайдағы «Агромаш» зауыты орақ науқаны қарсаңында күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Диқандар жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша комбайн мен тракторды көптеп сатып ала бастаған. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 100 миллиард теңге бөлінді. Өңірдегі машина жасау кәсіпорынының жұмысымен Мәжіліс депутаты Азат Перуашев танысты.

Зауыт алдында ине шаншырлық орын жоқ. Ауыл шаруашылығы техникалары қойылған. Жуырда олардың барлығы егістік алқабына шығарылады. Өйткені бірнеше күннен кейін астық жинау науқаны басталады. Шаруалардың барлығын қажетті техникамен қамтамасыз ету үшін өндіріс орны қарқынды жұмыс істеп жатыр.

Динара Шүкіжанова, АGROMASH зауытының президенті:
-Біз шаруаларды қажетті техникамен қамтамасыз ету үшін екі ауысымда, күндіз де, түнде де жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 300-ге жуық «Essil», «Deutz-Fahr», «Lovol» маркалы комбайндарын құрастырып шығардық. Шаруалар күтіп отыра алмайды. Олар астықты дер кезінде жинауы шарт.

Мамандар ауыл шаруашылығы техникасына деген сұраныстың артуын жеңілдетілген несие беру бағдарламасының іске қосылуымен байланыстырып отыр. Диқандар 6 пайыздық үстемемен комбайн, тракторларды сатып алуда.

Динара Шүкіжанова, АGROMASH зауытының президенті:
-Үкімет ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу үшін 100 млрд теңге бөлді. Бұл үлкен көмек. Осы бағдарламаның арқасында ауыл шаруашылығы техникаларының паркі кем дегенде 6 пайызға жаңартылады.

Зауыт басшылығы отандық өнім үлесін арттыруды қолға алған. 600-ден астам маман осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Мәселен, «Allur» зауытында жолаушылар вагондарының шанақтарын дәнекерлеуге және бояуға арналған жаңа робот желілер іске қосылды.

Азат Перуашев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Пластика кептіретін, бояу жасайтын цех бұрынғы кезде болмаған. Тек шілде мына шілде айында ашыған. Өзіміздің өндірушілерімізді шикізатпен, материалдармен қамту сияқты қазіргі кезде күшке енді және де соның нәтижесін көріп отырмыз.

Мәжіліс депутаты кәсіпорын ұжымымен де кездесті. Үзік мамандар «Еңбегім еліме» медальдарымен марапатталды.

Авторлары: Наталья Строкова, Ермек Мухамедьяров