Биыл елорда көшелерінде жылдағыдай су тасқыны қайталанбайды
Бұл туралы «Қазгидромет» мамандары мен коммуналдық кәсіпорын өкілдері мәлімдеді. Биыл қаладан 1.5 миллион текше метр қар шығарылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 6 миллион болатын. Қардың аз жауғанына қарамастан, тазарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Нәтижесінде қаладағы су басу қаупі бар учаскелер саны 37-ден 29-ға дейін қысқарды.
Бауыржан Бейсенқанов, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД алдын алу басқармасының басшысы:
- Дайындық күштері қазіргі таңда сақадай-сай деп айтуға болады. Су тасқынына қарсы 663 жеке құрам дайын тұр. Оның ішінде 185 бірлік техника бар. Оған қоса коммуналдық қызметкерлердің 190 жеке құрамы мен 130-дың үстінде техникасы әзір.
«Десе де Көктал-1 және Көктал-2 ықшам аудандарын су басу қаупі жоғары», - дейді мамандар. Сондай-ақ Момышұлы даңғылы, Тәшенов, Бараев, Иманов көшелері, Тұран – Ұлы Дала қиылысы да қауіпті аймақтарға жатады. Ай басында қала әкімі бұл мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, арықтар мәселесін шешуге уәде берді.
Қазіргі таңда елордада үш нөсер арығы мен тазарту қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Апта басында берген сұхбатында қалалық әкімдік өкілдері: «Өткен жылдардағыдай су тасқыны қайталанбайды», - деп сендірді.
Тимур Шорданов, Нөсер арықтары желілеріне қызмет көрсету жөніндегі компания директорының орынбасары:
- Қала бойынша нөсер арықтарының 500 км желісі бар. Біздің кәсіпорын соның 350-ге жуығына жауапты. Өткен жылдардағы қателіктерді жібермес үшін бірқатар шара қабылдадық: жауын-шашын торларын орнаттық, сорғы жабдықтарын ауыстырдық. Енді су тасқыны болмау керек деп жоспарлап отырмыз. Ауа райының қалай болатынын көреміз.