Кәсіпкерлер етпен қатар енді сүйек пен теріні өңдеу ісін қолға алмақ
Жылына орташа есеппен 7 700 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Жергілікті нарықпен қатар шетелге де ет экспорттап отыр. Компанияның басым бағыты – консерві дайындау. Қазір мұнда қалайыға салынған 120-дан астам өнім түрі шығарылады.
Гүлжазира Кенжеғалиева, кәсіпорынның бас технологы:
- Ет өнімдерімен қатар балық өнімі, көкөністер бар. Сонымен қатар сүт консервілерін шығарамыз. Өзіміздің өндірістік зертханамыз бар. Қазіргі таңда консервідегі қазақтың дәстүрлі тағамдарын шығарамыз. Оның ішіне қазы, бесбармақ, лағман сынды тағамдар саламыз. Мұның бәрін консерві ретінде шығарып үйрендік.
Компания басшысы пандемия салдарынан қиындықтарға тап болғанын да жасырмады. Мәселен соңғы кездері өндіріс қуаты біраз төмендегені байқалады. Алайда іскер жан бұл келеңсіздікті оңай еңсеретініне сенімді. Өйткені кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтады. «Оның үстіне қазір елімізде шетелдіктерге емес, отандық компанияларға үлкен сенім артылғандықтан тынысымыз кеңейе түсері анық», – дейді ол. Кәсіпкер етпен қатар енді сүйек пен теріні өңдеу ісін қолға алған. Қаңқаларды ұнтақтап, жем-шөпке арналған қоспа ретінде құс фабрикаларына жолдайды. Ал теріні кәдеге жарату бағытында өзге кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.
Талғат Берекешев, кәсіпорын басшысы:
- Қазір өндіріс орнында ешқандай қалдық қалмас үшін осындай жаңа жобаларды бастадық. Сүйектердің ұнтағына еліміздегі құс фабикаларынан сұраныс өте жоғары. Сондықтан бұл бастама сәтті болды деп есептеймін. Ал тері өндірісі әлі бастапқы кезеңде тұр. Тәулігіне 600 тері өңдей аламыз. Қазір табысты нарық көзін іздеп жатырмыз. Сонымен қатар консерві өнімі түрлерін көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Кәсіпорын 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Егер жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылса, тағы да еңбек күші тартылмақ. «Агроөнеркәсіп кешендеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жалғаса берсе, болашағымыз жарқын болары анық», – дейді кәсіпкер.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов