Көктемгі егіс жұмыстарына 380 мың тонна дизель қажет
Көктем – көгеріп, көктейтін мезгіл. Осындай орайлы сәтті ұтымды пайдалану – жер емген шаруалардың міндеті. Әзірге еліміздің оңтүстігі ғана білек сыбана егіс жұмыстарына кірісті. Ал солтүстік өңірлердегі ахуал ауа райына байланысты. Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметіне сүйенсек, дала тірлігіне техниканың 97% дайын. Сапархан Омаровтың айтуынша, биыл 22,8 млн гектарға дән себу жоспарланған. Бұл былтырғы көрсеткіштен көп. Сәйкесінше жанармай қажеттілігі де артады. Алдын ала есептеуге сәйкес ол үшін 380 мың тонна дизель қажет екен. Диқандар сұйық отынның литрін шамамен 165 теңгеден сатып алады. Премьер-Министр көктемгі егін жұмыстарында кідіріс болмас үшін кедергі келтіретін олқылықтарды жоюды тапсырды. «Шаруаларға қаржылай әрі материалдық-техникалық көмек көрсетіледі», – деді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Былтыр пандемияға қарамастан егіс жұмыстары өте жоғары деңгейде жүргізілді. Агротехнологиялар дәл сақталып, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары уақытылы салынды. Бұл мол астық жинауға мүмкіндік берді.