Елорда бағбандары тропикалық жеміс ағаштарын күтіп-баптаудың амалдарымен бөлісті
Елорданың сол жағалауында орналасқан ботаникалық бақ кеңейтіліп, тағы бір қосымша биік әрі ауқымды нысан тұрғызылуы мүмкін. Осы бастаманы мекеме басшылығы көтеріп отыр.
Тропикалық өсімдіктердің мекеніне айналған бұл ғажайып бақ қазіргі карантин жағдайында да жұмысын жалғастырып отыр. Әсіресе демалыс күндерінде жүздеген адам келеді екен.
«Олардың ішінде шетелдіктер қарасы көп», – дейді мамандар.
Көктем болса да қыстың қырауы кетіп үлгермеген қар құрсауындағы елордадан тропикалық әлемге топ ете түстік. Африканың джунглиі не Жаңа Зеландия ма дерсің. Ботаникалық бақта 1500-нан астам экзотикалық өсімдіктер өседі. Әрқайсысы өзінше ерекше. Көздің жауын алады. Мәселен, мына өсімдік «ұялшақ мимоза» деп аталады. Қолың тиіп кетсе, жиырылып, тартынып, бетінің оты шығып, ұяла бастайды. Керемет, иә?! Шығу тегі – Оңтүстік Америка.
Түріне қарап таң қалдық, әдемілігіне тамсандық. Тропикалық ағаштар, сан алуан көпжылдық өсімдіктер, кактустың қилы түрлерінен көз тұнады.
Демалыстан басқа күндері келушілер аз. «Демалыста 100-ден астам адам келеді, карантин жағдайында 10-12 адамнан кіргіземіз», – дейді мұндағы мамандар. Израильдің Қазақстандағы Елшісі Лиат Вексельман жұбайымен бірге бақты сүйсіне аралады. «Еврей халқы қазір Пасха мейрамын тойлауда, осы күндері отбасымызбен көрікті жерлерді аралау әдетке айналды», – дейді ол.
Лиат Вексельман, Израильдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Мына баққа келіп, өзімді отанымда жүргендей сезініп кеттім. Бізде де орхидея, апельсин ағаштары көп өседі. 30-40 градус аяз болатын климат жағдайында мұндай бақты ұстау, өсімдіктерді баптап өсіру оңай емес. Жарты сағат жүріп араладық, ерекше ұнады, жазды аңсап кеттім.
Өсімдік біткен Оңтүстік Америка, Африка, Австралия және әлемнің өзге де елдерінен жеткізілген. Жалпы бұл бақ Елбасының бастамасымен Сарыарқаның төрінде 2018 жылы ашылған. Оптималдық температура үнемі 24-26 градус. Мұнда климатты қадағалаудың ТМД-да теңдесі жоқ автоматтандырылған жүйесі орнатылған. Елордада көктем түгілі, қақаған қыстың саршұнақ аязында тропиканың жазындай ботаникалық бақтың барын қалалықтардың бәрі біле бермейді.
Мақпал Исаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Мысалы, апельсинді көріп, көз алдыма апельсин шырыны келді. Тоғайда өседі екен. Балаларды бір жағынан дамыту үшін, содан кейін көзімен көріп сенсорикалық жағынан дамыту үшін таныстыруға әкеліп жүрмін. Қыстың ортасында кіріп келгенде өзіңді бірден тропикалық атмосферада жүргендей сезінесің.
Қазір бақта пальма, банан, апельсин, ананас, тікенді кактус және өзге де экзотикалық өсімдіктер жайқалып өсіп тұр. Тізе берсең, түрі көп. Мәселен, мына көк түсті гүлдер беретін клитория өсімдігінен дәмі тіл үйірер шай қайнатып ішуге болады екен. Ал мына шәлі секілді мұртты Тилландсияның тіпті тамыры жоқ. Ол ылғалды ауамен қоректеніп, ағаштарға ілініп өсе береді. Въетнамда өсетін Саговник өсімдігі тіпті бір кездері жойылып кете жаздапты, бағбандар тұқымын алып, сақтап қалған.
Айнұр Ермекова, ботаникалық бақтың ғылыми қызметкері:
- Жалпы оранжерея тропикалық болғаннан кейін біз мұнда көбіне пальмалар секілді ағаш өсімдіктерді көбірек алып келгенбіз. Сондықтан да бізде гүлді өсімдіктер аса көп деп айта алмаймын. Бірақ халық сұранысына байланысты гүлді өсімдіктерді де көбейтіп жатырмыз. Мәселен, мына гүл «пахистахис» деп аталады. Бұл гүл халыққа танымал «алтын қоңырау» деуге де болады. Бөлме өсімдігі ретінде де кеңінен таралған.
Бақтағы ауа температурасы шынында да тропикалық елдегідей. Түрлі өсімдіктердің хош иісі де мұрынды жарады. Махаббат пен әдеміліктің символы іспетті ғажайып гүлдерге толы ботаникалық бақты кеңейту де жоспарланған. Себебі қазір пальма мен банан ағаштары көкке бойлап өсе алмай тұр. Сол үшін жылыжайдың екі ғимаратын қосатын биік нысан тұрғызылмақ. Оған дейін фейхоа, авокадо, кофе ағаштары да өнім беріп қалар деп үміттенеді бағбандар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов