Еліміздің диқаншылары егістік науқанына кірісті
«Бұл салада соңғы уақытта өзгеріс көп», – дейді мамандар. Былтырдан бастап үрдіс ерікті түрде жасалып келеді. Ал биыл сақтандырушы компаниялармен келісім жасау электронды форматқа ауысқан. Бұл бір жағынан қауіпті індеттен сақтанудың жолы болса, екіншіден, ауыл-аймақтағы диқанның арлы-берлі шабылуына тосқауыл болып отыр.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Қар мол түсті. Ылғал да жақсы. Демек, биыл егін бітік болады. Қарапайым адам ретінде егіншілікті біз осылай ғана қабылдаймыз. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер еккен дәннің өнуі үшін ғана жеткілікті екен. Ал оның жайқалып өсуі, одан кейін мол өнім беруі жазғы жаңбырдың мөлшеріне байланысты. Оның қалай болатынын нақты айту мүмкін емес. Тек болжауға болады.
Диқандарымыз сол болжамға сеніп, енді бірі түйсігіне сүйеніп егін егеді. Бірақ сенімге де, түйсікке бағынбайтын бір күш бар. Ол – табиғаттың тылсымы. Қайбір жылдары әр өңірді құрғашылық шыр айналдырды. Міне, осындайда алқабын алдын ала сақтандырып алған шаруалар тығырықтан оңай шықты.
Еліміздегі шаруалар егістік алқаптарын сақтандыру үрдісін 2005 жылы қолға алды. Содан бері орта есеппен алғанда жыл сайын 10 млн гектар алқап сақтандырылып отырады екен. Осы аралықта құрғақшылық салдарынан өнімнен құр алақан қалған отандық фермерлерге ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 600-800 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемі беріліп келіпті.
Бұл екі жыл бұрынғы дерек. 2019 жылға дейін әр шаруа өз алқабын сақтандыруға міндетті еді. Диқандар жүз гектар жерін 5-6 мың теңгеге сақтандыратын. Бірақ еккен егіні күйіп не шіріп кетсе, берілетін төлем де мардымсыз болған. Қысқасы, шығынды ақтамайтын.
Әсел Рамазанова, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының департамент директоры:
- 2020 жылы сақтандыру ерікті жасау үлгісіне ауысты. Осыдан кейін өзін тәуекелдерден қорғауға ниет білдіруші фермерлер қатары күрт төмендеп кетті. Былтыр 56 шаруа 200 млн теңгенің ғана келісімін жасады. Кейбір егістік алқаптарында құрғақшылық болып, шаруалар сақтандыру жүйесі арқылы 500 млн теңге көлемінде төлем алды.
Бүгінгі таңда 100 гектар алқапты сақтандыру құны 192 мың теңге. Бірақ оның жартысын мемлекет фермер үшін субсидия түрінде төлеп береді. Егер құрғақшылық болса, сақтандыру аясында қарастырылған қаражатты фермер түгел алады. Талғат Алгажаров сол мүмкіндікті пайдаланған шаруалардың бірі.
Талғат Алғажаров, шаруашылық басшысы:
- Егіншілікпен айналысу қашан да тәуекелді жұмыс. Біз сондықтан да былтыр барлық алқапты сақтандырдық. Сол үшін 27 млн теңге жұмсадым. Ал жазда Шығыс Қазақстан облысында бұрын-соңды болмаған аптап ыстықтан егіннің біраз бөлігі күйіп кетті. Маған оның өтемі ретінде 240 млн теңге төленді.
Демек, ала жаздай алқапта тер төгіп, жұмсаған шығын өзін артығымен ақтап тұр. Алайда бұл мүмкіндікті көп шаруа білмейді не болмаса қағазы көп деп қашатын көрінеді. Әйтпесе жыл басталғалы бері ел бойынша бар-жоғы алты фермер ғана алқабын сақтандырмаушы еді. Ал ауыл шаруашылығын сақтандыруға маманданған қор қызметкерлері: «Бұрынғыдай күйіп кеткен егістікті көрсету үшін алқап басына барудың қажеті жоқ», - дейді. Бар шаруа спутниктік зондтау арқылы шешіледі. Тиісті келісімдерді де онлайн түрде рәсімдеуге болады. Ал Қазақстанда әзірге азықтық және майлы дақылдар алқабы ғана сақтандырылады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Тоқтар Терлікбаев