Халықтың зейнетақы жинағын ала бастағанына 3 ай толды
Нақтыласақ, Президент аталған құжатқа 2 қаңтарда қол қойған. Қазақстандықтар қазір өз жинағындағы қаржыны мерзімінен бұрын үш мақсат бойынша ала алады. Біріншісі – инвестициялық портфельді басқарушыларға беру. Бұл мақсатқа қазақстандықтардан 1 062 өтініш келіп түскен. Ал 4 263 қазақстандық осы ақшаға денсаулығын дұрыстауға, яғни ем алуға өтініш білдірсе, соның 2 807 орындалып, салымшылардың арнайы шоттарына 2,7 млрд теңгеден аса сома аударылды. Қазақстандықтар емделуге орташа есеппен 1 млн теңге пайдаланады екен. Өтініштердің басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау облысының тұрғындарынан келіп түсіп жатыр.
Зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану – қазақстандықтар тарапынан ең үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі статистика бойынша барлығы 267 мың 759 өтініш түскен. Жалпы көлемі 940 млрд теңгеден асатын 184 мың 109 өтініш орындалды.
Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану процесі елдегі баспана нарығына әлі әсер етіп жатыр. Мысалы, наурыз айында баспана құны тағы 2,9% қымбаттаған. Тұрғын үй бағасы күрт өскен қаланың бірі – Ақтау. Одан кейін Қарағанды мен Атырауда, Ақтөбе мен Қостанайда қымбаттаған. Тұрғын үй бағасын тұрақты ұстап тұрған қалалар – Петропавл, Тараз және Нұр-Сұлтан қаласы.
Дегенмен мамандар баспана нарығындағы даурықпаны Бірыңғай жинақтаушы қорынан келіп түсетін төлемдермен емес, халықтың алыпсатарлық болжамдарымен байланыстырады.
Әсем Нұрғалиева, бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры:
- Біз әу баста екі бағытты бақылап отырдық. Зейнетақы қорынан алынған қаржылар елде өзге де ипотекалық бағдарламалардың ашылуына мүмкіндік бере ме деп ойладық. Бірақ ондай ештеңе бола қойған жоқ. Яғни азаматтардың мерзімінен бұрын алған жинақтары саладағы процестерді жеделдете түскенімен, ипотекалық портфельдің өсіміне әсер еткен жоқ. Сондықтан бұл төлемдер түсімінен гөрі алыпсатарлық пиғылдар баспана нарығына көбірек әсер етті. «Бәрі қымбаттап жатыр» деген желеумен сатылымдағы үйінің бағасын көтеріп жатқандар баспана нарығындағы даурықпаны туғызды. Сондықтан зейнетақы қорынан алынатын төлемдердің әрі қарай нарыққа қатты әсер етеді деп айта қоймаймыз. Оның үстіне бағаның тұрақталып келе жатқанын байқауға болады. Тағы бір айта кететін тұс, тұтынушылық несие алатын қазақстандықтардың көрсеткіші екі есеге азайды.