Қазақстан үшін таптырмас табыс көзі ауыл шаруашылығы болмақ
Ал мал бағып, егін өсіру үшін бірінші кезекте егістік пен төрт-түлік өрісінің түйткілді мәселесін шешу маңызды. Бұл орайда шаруа қожалықтары өкілдері жергілікті кәсіпкерге қолдау көрсету маңызды деп отыр. Мәселен, сүт-қаймағы мен айран-ірімшігін барлық батыс аймаққа жеткізіп отырған ақтөбелік ферма егіс алқаптарын арттырып, сауын сиырлар санын 200 басқа жеткізген. Өнім көлемі жылына 11 мың тоннадан асады. Қожалық маңында суармалы алқап болғандықтан төрт-түлік азығын өздері дайындайды.
Жер телімдерін тиімді пайдалану жұмысшылар санын арттыруға да мүмкіндік берді. Қазір бұл шаруа қожалығында 120-дан астам жан еңбек етеді.
Азамат Қалменов, шаруа қожалығының өкілі:
- Парламент талқылауындағы жер туралы заң жобасын мен толықтай қолдаймын. Себебі шетелдік азамат өзінің жеке пайдасын ғана ойлап, табыс табудан аспайтын болады. Инвесторлар үшін еліміздің болашағы маңызды емес. Егістіктер мен жайылымдарды әбден жойып, тақырға айналдырып кетулері де мүмкін. Егер жергілікті шаруаларға үлестірілсе, ауыл шаруашылығы дамып, ел экономикасына қолдау болады.
Естеріңізге сала кетейік, сенбі күні Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысы өтеді.