Хабар телеарнасы

Утильалым салдарынан шаруалар жаңа техника алуды азайтты — сенатор

Сенат депутаты Әли Бектаев Үкімет басшысынан ауыл шаруашылығы техникалары үшін төленетін утильалымды алып тастауды сұрады. Себебі ол өте қымбат. Сол себепті қазір шаруалар жаңа трактор мен комбайн сатып алуды азайтқан.

Ал елдегі ондай техниканың 76%-і тозған. Олар жыл сайын небәрі 4%-ке ғана жаңартылады. «Бұл өте мардымсыз»,- дейді депутат.

Одан бөлек жетіспеушілік те бар. Бүгінде егіншілерге 65 мың трактор, 43 мың комбайн қажет.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 2024 жылғы жағдай бойынша утильалымның көлемі 1 трактор үшін 370 мыңнан 7 млн 380 мың теңге, ал 1 комбайн үшін 1 млн 600 мыңнан 8 млн 330 мың теңге аралығында құрайды. Жаңа техника үшін ескірмей жатып кәдеге жарату төлемін алу ешқандай логикаға сыймайтын нәрсе емес пе? Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып жойып жатқан да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» мекемесінің үлесі неде?

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай табиғат апатының салдарын жоюдың балама жолын ұсынды. Айтуынша ол үшін үйлерді сақтандыру жүйесін дамыту қажет. Мұндай тәжірибе дамыған елдерде бір жолға қойылған.

Мәселен, Жапонияда ол 1966 жылдан бері бар. Ал Түркия 1999 жылы енгізген. Оларда тіпті мемлекеттік сақтандыру компаниясы бар. «Енді бұл істі біз де қолға алуымыз керек», - дейді депутат.

Бізде аталған мәселе соңғы 20 жыл бойы айтылып келе жатқанымен, әлі бір ізге түспеген. Дегенмен халықтың өзі соңғы жылдары баспананы сақтандыруға кіріскені байқалады. Бірақ ондай мысал ілеуде біреу. Сондықтан мемлекеттік деңгейде көңіл бөліну қажет.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы 50,4% келеді. Алматының үлесі 14% ғана. Алайда су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандырудың деңгейі аса төмен. 1%-тен да аз.