Қалбатау-Майқапшағай тасжолы сын көтермейді
Қашықтығы 415 шақырым болатын Қалбатау-Майқапшағай тасжолын қайта жаңғырту жұмыстары 2017 жылы басталған. Жоба құны – 157 миллиард теңге, ал толық аяқтау мерзімі – 2022 жылдың 7 маусымы. Жолдың Еуропа мен Қытай арасындағы халықаралық маңызын былай қойғанда, Шығыс Қазақстанның 150 мыңнан астам халқы қатынайтын күретамыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс баяу әрі сапасыз жүріп жатыр. Жол бойынан дөңгелегі жарылып не бұзылып тұрған көліктерді жиі көруге болады. Ал тапсырыс беруші компания мен мердігерлер бұған былтырғы карантиндік шектеулер мен қаржылық қиындықтар себеп болғанын алға тартады.
Түсіпхан Мұсанов, Зайсан ауданының тұрғыны:
- Көлігіміздің дөңгелегі жиі жарылып қалады. Жол кепті, жер ашылды. Бірақ жөндеу жасап жатқан адам баласы жоқ. Әр жерді шұқып, біреулер жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, бұл жолды әлі 5 жыл жасайды. Бір-ақ жылда жасап бітіреді дегенге сенбеймін.
Ерлан Қалымов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚО филиалының директоры:
- Консорциумдағы жетекші рөл атқаратын «Синь-Синь» компаниясының басшыларымен келіссөздер жүргіздік. Олармен ақылдаса келе олқылықтарды жойып, кестеден қалған тұстарды қуып жетуді мақсат етіп отырмыз. Яғни жыл соңына дейін межеленген жұмыстар толық аяқталады деген сенім бар.