Ақтөбеде еріген қар суы қала көшелерін басты
Су тасқынына қарсы штабқа күн сайын көмек сұраған жүздеген тұрғын хабарласады. Әсіресе облыс орталығына жақын елді мекендердегі жағдай әлеуметтік желілерге жиі жүктелуде. Жалпы Ақтөбеде бұрыннан төрт шағын ауданда су басу қаупі бар. Тасқынға қарсы штаб құрылғалы қала аумағынан 126 мың текше метр су сорылды. Жұмыс қарқынын төмендетпеу үшін бұл іске полицейлер де көмектесуде. Ал тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкерлері тәртіп сақшылармен бірге көпқабатты үйлердің аулаларын тексеріп жүр. Егер пәтер иелері кооперативтерінің жауапсыздығы анықталса, ірі көлемде айыппұл салынбақ.
Ақнұр Қазбаева, Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бізге шағым өте көп түсуде. Басқару органдары өзінің жұмысын тиянақты жасамағандықтан, қазіргі таңда көп қабатты үйлердің аулаларын су басып жатыр. Осы жұмыстарды жүргізу ПИК, кондоминиумдарға міндеттелген. Олар өз жұмыстарын істемесе, біздер учаскелік инспекторлармен бірге әкімшілік жауапқа тартамыз.