Сауда орындарында екпе салуға қатысты қоғам пікірі екіге жарылды
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері: «Бұл – әлемде кеңінен қолданылып жатқан тәжірибе», - дейді. Осылайша біздің ел де бұл әдісті сынап көрмекші. Ал медицина ғылымдарының кандидаты бұл оймен келіспейді.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзіне сенсек, жақын арада елімізге тағы да вакцина тасымалданбақшы. Сәйкесінше енді елімізде жаппай вакциналаудың қарқынды кезеңі жүргізілгелі тұр. Ведомство өкілдері ауруханадағы кезек санын азайту үшін сауда орталықтарында екпе ектіретін арнайы орын әзірлепті.
Сауда орталығындағы коньки тебетін жер әп сәтте вакцина ектіретін орынға айналады деп кім ойлаған?! Мұнда қазір тігілген шатыр мен тізілген орындықтан басқа түк жоқ. Ары-бері өткендердің көзінде көп құбылыс бар. Бірі балмұздақ жеп, кезекте тұрғанын елестетіп, миығынан күлсе, енді бірі вакцина ектіргеннен кейінгі ахуалына алаңдайды.
Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
- Екпе ектірген азаматтың аллергияға теріс реакциясы болса, міндетті түрде алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ мамандар шұғыл көмек көрсете білуі тиіс. Мұндай жағдайлар туындаса, жедел-жәрдем дәрігерлері кезекшілікте тұрады, солар көмектеседі.
Денсаулық сақтау министрлігі жылжымалы медициналық топтың тәжірибесіне сүйенеді. Олар осыған дейін ұқсас оқиғаларда өз біліктілігін дәлелдепті. Бірақ бүгінгі вирус бұрынғылардан өзгеше. Өте өткір. Сәйкесінше егілетін дәрінің де дәрмені күшті. Қысқасы, медицина ғылымдарының кандидаты сауда орталығында екпе егуді қолдамайды.
Қайырғали Көнеев, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Вакцина егетін бөлме қажет құрал-жабдықпен толық қамтылуы керек. Анафилактикалық шокқа қарсы тойтарыс бере білу тиіс. Егер миллион адамның ішінен біреуі осы жағдайға душар болса, оны сауда орталығында құтқару мүмкін емес. Елестетіңізші, сауда орталығының ана басынан мына басына дейін 1 шақырым жүру керек.
Қайырғали Көнеевтің сөзінше, қазір вакцина жетіспей жатыр. Оның үстіне ел азаматтарының ауруханаға ағылып, вакцина салдыруға кезекте тұрғаны шамалы. «Сондықтан екпені емханада еккен жөн», - дейді. Ал Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері мұнымен келіспейді. Сарқыт Бейсенова: «Мұндай әдіс әлемнің басқа елдерінде сыналған», - дейді. Бұдан бөлек әр сауда орталығындағы екпе салатын орындардың барлық санитарлық талапқа сай келетініне шек келтірмейді. Ендігі таңдау азаматтардың өзінде.