Жыл басынан бері елімізде жол апатынан қайтыс болғандардың саны 12% көбейген
Соңғы 3 айда елімізде 2 мың 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 3 мың 600-ден астам адам жараланып, 363-і қаза тапқан. «Апаттардың басым бөлігі жол ережелерін елемей, жылдамдықты асырудың кесірінен болады», – дейді полиция өкілі.
Серік Түсіпов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
- Талдау нәтижесі жолдардағы өлім-жітім жол-көлік оқиғасының негізгі үш түрінің динамикасына байланысты екенін көрсетті. Бұл жаяу жүргіншілерді соғу, аударылу және көліктердің бетпе-бет соқтығысуы. Жол-көлік оқиғаларының бұл түрлеріндегі өлім-жітім барлық апатта қаза тапқандардың 56% қамтиды. Сондай-ақ әрбір бесінші жол апаты елді мекендерде жылдамдықты асыру салдарынан туындайды.
Апатты жағдайдың статистикасына жолдардың сапасы да әсер ететіні сөзсіз. Мысалы, Ертіс өңіріндегі барлық жолдардың жағдайы енді жіті тексерілетін болады. Кешенді шаралардың аясында республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы тас жолдар бақылауға алынбақ. Жыл басынан бері мамандар 500-дей тексеріс жүргізіп, 1 мың 400-ден астам ақауды анықтаған. Бұған жол берген мердігерлер жауапкершілікке тартылады. Олқылықтар табылған жол учаскесіне жауапты азаматтарға ескертулер жасалған. Ал жолдарды күтіп ұстауға мән бермеген 73 лауазымды тұлғаға 2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жиі кездесетін бұзушылықтардың қатарында жөндеу жұмыстарының сапасыздығы, жол белгілерінің болмауы мен тиісті деңгейде күтімнің жоқтығы кездесіп отыр. Алдағы уақытта аудандардағы учаскелер де тексерілмек. Биыл Павлодардағы жолдардың сапасына шағым көбейді. Көктемгі науқан аясында 70 көшенің асфальты қалпына келтірілмек.
Бауыржан Мақашев, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
- Жол апаттары бойынша жасалған сараптама нәтижесінде қауіпті жол учаскелері анықталды. Павлодарда жол апаты болуы ықтимал сегіз қиылыс бар. Сапасы нашар учаскелерді реттеу бойынша ұсыныстар жасалды. Сонымен қатар бақылау күшейтілді. Алдағы уақытта облыстық маңыздағы жолдардың барлығы тексеріледі.