Хабар телеарнасы

«Алматы-Екатеринбург» тас жолындағы апат: 7 адам қаза тапты

«Алматы-Екатеринбург» тас жолының бойында Құрма ауылына 2 шақырым жетпей жол апаты болып, жүргізуші мен 6 жолаушы қаза тапты. Олардың екеуі бала. Жол апатынан зардап шеккен бір жолаушы ауруханаға жеткізілді. 12 жастағы баланың сол иығы сынып, маңдайы жарақаттанған. Жағдайы орташа ауыр. Алдын ала болжам бойынша жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалып, аударылған. Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жасқайрат Қайыров, облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы:

-54 жастағы жүргізуші көліктің басқаруына ие бола алмай қалған. «Toyota Alphard» көлігі аударылып, өкінішке қарай 7 адам қаза тапты. Жүргізушілер жол ережесін қатаң сақтап, жылдамдықты шектен тыс асырмауын сұраймыз.

Алматы облысында жүргізуші төрт адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Салдарынан 16 жастағы бойжеткен аудандық ауруханаға жеткізіліп, ес жимастан көз жұмды. Жедел іздестіру амалдары барысында көлігінің тізгініне ие бола алмаған 18 жастағы күдікті ұсталып, абақтыға қамалды. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өңірлік полиция департаменті жүргізушілерге жол жүру ережесін қатаң сақтау керектігін ескертеді.