Алматы облысындағы Шалқар ауылының тұрғындары таза судан тарығып отыр
Осы суды ішкен балалар жиі сырқаттанатын болып жүр. Өткен жолы жедел-жәрдем шақыртып, ауруханаға қаратқан.
Сайрангүл Көкбаева, ауыл тұрғыны:
- Біздің, Шалқар ауылының, ішіп отырған суы қара лай. Қайта бүгін біраз тазаланыпты. Негізі күнделікті суымыздың ішінде қара қоқсық жүреді, неше түрлі тас және аппақ шөп сияқты зат шығып жатады.
Әкімбай Төребаев, ауыл тұрғыны:
- Бір аптада фильтр толып қалады. Оны ауыстырасың. Ол да ақша. Кір жуатын машина істен шығады. Ол да ақша. Біз анау күні 15 мыңға жасаттық.
Судың лайлануы – Жандосов, Қайрат және Шалқар ауылдарына ортақ мәселе. 50 жыл бұрын жүргізілген құбырлар әбден ескірді. Әуелде су жүйесі 400 үйді қамтамасыз етуге арналған. Қазір ауылдық аймақта үй де, халық саны да екі есе өсті. Сондықтан 12 мың халқы бар үш ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы былтыр қолға алынды. Жоспарға сәйкес, екі ауылда орталықтандырылған су жүйесі маусым айында іске қосылуы керек. «30 шақырымға жуық магистральдік су құбыры жаңартылып, Шамалған өзенінің бойында модульдік су тазартқыш ғимарат салына бастады», - дейді әкімдік өкілдері.