Оралдағы балалар аттракционына қатысты оқиғаның болуына не себеп?
Әткеншектерде асыр салған бүлдіршіндер жазатайым жағдайға тап болған еді. Абырой болғанда, ешкім ауыр жарақат алмады. Ал ойын-сауық құрылғыларының сапасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан мүлде тексерілмеген көрінеді.
Оқыс оқиға салдарынан 8 бала түрлі дене жарақатын алды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше қазір балалардың жағдайы жаман емес. Олар үйлерінде амбулаториялық ем алып жатыр.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бір айналдырса, ұршықша шыр айналдыратын бұл аттракцион осыдан 9 жыл бұрын қойылған. Техникалық талаптар бойынша бұл айтарлықтай ескі емес көрінеді. Оқыс оқиғадан кейін құрылғы жұмысын тоқтатты. Тағы бір ескерерлік жайт, мына жердегі ақпаратқа қарағанда, бұл аттракционға 7 жастан төмен балаларды отырғызуға болмайды. Алайда демалыс күнгі оқыс оқиға кезінде 5 жастағы баланың да зардап шеккенін білеміз. Бұл тұрғыда кәсіпкер ата-аналардың тиісті құжатты алып жүрмейтінін, сондықтан балалардың жасын анықтау оңайға соқпайтынын айтып ақталды.
Антон Ротштайн, Аттракциондар саябағы директорының орынбасары:
- Техникалар кез келген уақытта сынып қалуы мүмкін ғой. Біз қазір бұл құрылғының қалай істен шыққанын білмей жатырмыз. Зардап шеккен балалар үшін емдік шығынын өтеуге немесе моральдық шығынды төлеуге дайынбыз.
Аттракцион иелеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бизнес өкілінің айтуынша, ойын-сауық құрылғыларының сапасы мемлекеттік органдар тарапынан мүлде тексерілмеген. Қалалық мәдениет және демалыс саябағының директоры оқиғаға қатысты ақпарат беруден бас тартты. Ол аттракциондар үшін жауапты емес көрінеді.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілі аттракциондарға қатысты ұлттық стандартта бекітілген міндеттемелерді тізбектеді.
Жанақын Тығынбаев, Техникалық реттеу және метрология комитеті БҚО департаменті басшысының м.а.:
- Оқыс оқиға болған жағдайда сол аттракционның иесі, әйтпесе соны пайдаланушы өздері тексерістер жүргізіп, өздері шыққан кемшіліктерді қарайды. Соны жояды. Ал қауіпсіздікті тексеретіндер – жергілікті атқарушы органдар.
Ал қала әкімдігінен күні бойы ешқандай жауап ала алмадық. Саябақтағы өзге аттракциондардың барлығы әлі тексеріссіз жұмысын жалғастырып жатыр. Тұрғындар балалардың денсаулығына алаңдаулы.
Нұрқия Кенжеғалиев, қала тұрғыны:
- Балалар ойнағасын бақылау керек қой. Енді осы саябақ – балалардың бір ғана баратын жері. Анау шіріген ағаштардың басын кесу керек. Ол бір күн болмаса, бір күн құлайды.
Елімізде мұндай оқыс жағдайлар жиілеп барады. Мәселен, бірер жыл бұрын Қарағандыда сапасыз аттракционның кесірінен 2 жастағы сәби көз жұмды. Елордада бүтін бір отбасы биіктен құлап кетті. Шығыс Қазақстан облысында 5 жеткіншек жарақат алды. Өкініштісі, ойын-сауық құрылғыларының сапасы әлі күнге тексерілмей келеді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов