Барлық өңірде соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіліп жатыр
Сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне де түрлі көмек көрсетіліп жатыр. Пандемияға байланысты шараның көбі онлайн өтуде. Мұндай құрмет қарт майдангерлерге еліміздің барлық өңірінде көрсетіліп жатыр.
Екінші жиһан соғысы басталғанда Нина Самаркина 5 жаста болған. Алайда сол кездегі «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранды жақсы түсінген бүлдіршін Алматыдағы әскери госпиталде дәрігерлерге қолғанат болған. Бала болса да науқастардың жарасын таңып, көңілдерін аулауға тырысқан.
Нина Самаркина, тыл ардагері:
- Ол кездегі жағдай әлі көз алдымнан кетпейді. Жараланған адамдарды бірінен соң бірін әкеледі. Науқастарға қажет заттарын әкеп беремін. Түнде үйге апарып тастайды. Ал анам тәулік бойы сонда болады. Бұл жеңіс сондай қиындықпен келді ғой.
Тоқсанның төріне шыққан Құдайбарген Қапсалямовты жеңіс күнімен Ішкі істер қызметкерлері құттықтап, шағын концерт қойып, сый-сыяпат көрсетті. Ол майданға 18 жасқа толар-толмастан аттанған. Артеллирист Қапсалямов Байкал әскери округіндегі 34-дивизияда соғысқан. Варшава, Лодзь, Кутно сияқты ірі қалаларды жаудан азат етуге қатысады. Ал соғыстан соң елге келіп Ішкі істер органдарында қызмет еткен. Бүгінде төрт баладан 12 немере мен 19 шөбере көріп отыр. Жылдағы дәстүр бойынша Жеңіс күнін биыл да сол немере шөбересімен бірге қарсы алды.
Төлеген Қапсалямов, ардагердің ұлы:
- Әкемнің арқасында дүниеге келгенмін. Қазір, міне, балаларым, немерелерім бар, жүгіріп жүр. Жеңісті жақындатқан осы кісілер ғой.
Ал Кеңес Одағының батыры Бейсен Оңтаев 1922 жылы Қазіргі Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 1942 жылы 20 жасында әскерге аттанады. Севск атқыштар дивизиясының 120-шы атқыштар полкі құрамында жаумен шайқасқан. Днепр өзенінен өту кезіндегі қанды шайқаста 14 жаудың көзін жойып, жауынгерлердің алдыға жылжуына жол ашқан. Сол ерлігі үшін 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ал 1944 жылы елге оралып, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған. 1991 жылы 70-ке қараған шағында өмірден озды.
Бейсен Оңтаевтың келіні Тыным Оңтаева атасынан қалған барлық мұраны көзінің қарашығындай сақтап отырғанын айтады. Жеңіс мерекесі қарсаңында ағайын-туыс бас қосып, балаларға батыр атасы жайлы естеліктер айту дәстүрге айналған.
Тыным Оңтаева, Кеңес Одағының батыры Б. Оңтаевтың келіні:
- Мен атамның соғыс туралы айтқанын бір рет естімеппін. Бір ғана кездесуде жас мұғалім сұрады, сол кезде айтты. Былайша атам естеліктерде бар ғой жазылған, бірақ соны айта бермейтін. Атам қайтқаннан кейін бәрі маған қалды ғой. Архивті жинап, атамның ерлік жолымен сол кезде таныстым.
Жалпы Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Олардың ерлігі ел есінде.
Авторлары: Олжас Керейхан, Ақмарал Есімханова, Жандос Жұмабек