Риддер қаласында төтенше жағдай жарияланды
Кеше Лесхоз шағын ауданындағы орманда өрт тұтанып, 39 тұрғын үй мен 9 шаруашылық қызыл жалынға оранған еді. Салдарынан 73 жастағы әйел адам көз жұмды. Күйік шалған тағы екі адам ауруханада жатыр. Олардың жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Үш жүз гектарға жуық аумақты шарпыған тілсіз жау бүгін сөндірілді. Материалдық шығынды арнайы комиссия анықтап жатыр.
Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
- Материалдық шығындарды анықтау мақсатында қалалық әкімдіктің зардап шеккен тұрғын үй нысандарын тексеру жөніндегі комиссияның жұмысы ұйымдастырылуда. Егер ШҚО әкімдігі Төтенше жағдайлар министрлігіне келтірілген шығынды өтеу туралы ресми ұсыныс жасайтын болса, Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік резервтен бұған арнайы қаражат қарастыруға әзір.