Құрылысшылар Ақтөбенің айналасын қоқыс полигонына айналдырды
Осылайша шаһар төңірегінде қоқыс тау болып үйіліп жатыр. Тәртіп сақшылары мен экологтар: «Бұл мәселені дереу қолға алмаса, қала үйіндінің арасында қалуы мүмкін», – деп дабыл қағуда.
Ақтөбенің оңтүстік аудандары қоқысқа толы. Қалдықтарды бей-берекет төгіп жүргендерді жиі көруге болады. Бірақ сырт көз келе қалса, көлігін бұрып, кетіп қалуды әдетке айналдырған. Бұл жолы да құрылыс қалдығы тиелген «КамАЗ» автокөлігінің иесі бізді көріп, жартылай көтерілген шанағын түсірместен қаша жөнелді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Тау болып үйілген қоқыстың құрылыс қалдықтары екендігі айтпаса да белгілі. Мынандай бетон мен кірпіш сынықтары, пластикалық құбырлардың қалдықтарынан өзге тұрмыстық қоқыс көрінбейді. Бұлардың қай жерден шығып жатқандығы баршаға мәлім. Себебі дәл менің артымда Ақтөбе қаласының ең ірі ауданы болуы тиіс «Батыс-2» шағын ауданы орналасқан. Ол жерде қазір құрылыс қарқыны өте жоғары.
Полиция департаментінің өкілдері: «Өңірде өтіп жатқан «Экологиялық тазалық айы» аясында тұрғындар мен құрылыс компания өкілдеріне талай ескерту жасалды», – дейді. Тіпті 4 мыңға жуық құқық бұзушы жауапқа тартылып, 3 миллион теңгедей айыппұл салынған.
Жандарбек Әлібаев, облыстық пд жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:
- Айыппұл жеке тұлғаға 20 АЕК. Ол қазіргі уақытта 50 мың теңгені құрайды. Одан әрі қарай жеке кәсіпкерлерге – 30 АЕК, орташа кәсіпкерлерге – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлерге 100 АЕК болып өсе береді. Сол себепті халыққа түсіндіріп айтатынымыз – мына әкімшілік заңды бұзбай, қаланың гүлденуіне үлес қосу керек.
Ойына келген жерді ойрандап кететін азаматтарды анықтауда әлеуметтік желілер де таптырмас көмекші болып отыр. Мәселен, өңірдегі экология департаментінің мамандары 90-ға жуық арыз қабылдап, 37 қоқыс алаңын анықтаған.
Гүлжайнар Әбдірахманова, облыстық экология департаментінің бас маманы:
- Суреттер, бейнежазбалармен бірге жер координаттарын көрсете отырып, арыздануына болады. Бұл жерлерге келіп түскен ақпаратты біз әрі қарай жергілікті атқарушы органдарға шаралар қолдану бойынша хат жолданып, тапсырмалар беріліп отырады.
Былтыр ғарыштан түсірілген суреттерді зерттеген мамандар Ақтөбе маңында 200 мың текше метр тұрмыстық қалдықтың шашылып жатқандығын анықтаған. Коммуналдық мекемелер 625 учаскені тазалады. Алайда биыл жағдай тағы қайталанып отыр. Сондықтан полицейлер: «Жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге рейдке шығып, заңбұзушыларды қатаң жазалауға кірісеміз», – дейді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков