Алматыдағы апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары шу шығарды
«Самал-2» ықшам ауданындағы ескі үйлердің тұрғындары түгелдей тозығы жеткен үйлерді бұзуды қолдап отыр. Бірақ реновациялық жоба талқылау барысында тоқтап қалған. Себебі жұртшылықтың пікірі екіге жарылып отыр. Жылы жаңалау деген үйлерде тұратын тарап құрылысқа қарсы. Ал осы уақытқа дейін апатты үйлерде күн кешіп келген жақ құрылыстың тезірек басталуын қалайды. Өйткені тозығы жеткен ескі ғимарат кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Екі тараптың келісімге келе алмауынан инвестор жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.
Бұл үйлердің алғашқысы өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған. Қазір құлағалы тұр. GAB Construction компаниясы оның орнына үй салуға дайын. Тұрғындары да түгелдей келісімін берген. Бұл аумақтан түсетін көпқабатты үйлердің алғашқысы осы апатты баспана тұрғындарына арналып салынбақ. Дау дәл сол үйге қатысты шыққан.
Бақыт Рымжанов, құрылыс компаниясының сәулетшісі:
- Бес қабатты үйдің тұрғындары қарсы. Біз 1 жарым млрд 700 млн теңге жұмсадық. Мына үйлерді бұзуға рұқсат қағазымыз бар.
Инвесторды апатты үйлерден бөлек Достық даңғылының бойындағы көпқабатты 3 үйдің тұрғындары да қолдап отыр. Себебі олардың баспаналары да сүріледі.
Алтынай Нұғманова, қала тұрғыны:
- Бір жарым жыл ішінде салып береміз деп отыр. Біз мына жерде тұратын тұрғындар GAB Construction компаниясының сөзін қолдап отырмыз. Мына 3-4 адамның айқай-шуымен көктемнен бері тоқтап тұр.
Халықпен Мәжіліс депутаты да кездескен. «Мұнда үйлерден бөлек ойын, спорт алаңы мен халық тынығатын арнайы орын және мектепке 600 орындық жапсарлас ғимарат салынбақ. Сондықтан бұл мәселені көпке созбай шешу керек», – дейді ол.
Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әкімдіктің өкілдерін шақырып, құрылысты жылдамдатып бастау керек. Апатты үйде тұру – өте қауіпті. Мұнда үйлер ғана емес, халық демалатын аллея қоса салынатыны қуантады.
GAB Construction компаниясы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, келісімге келуге дайын. Ал құрылысты кейінге қалдыруға мүлдем болмайды. Апатты үйлер кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев